Бір дыбыс, бір әріп

Бір дыбыс, бір әріп

Бір дыбыс, бір әріп
ашық дереккөзі
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқылауға түсуде. Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы әрі біртұтас ұлт болуы жолында рухани жаңғыруымыздың, ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолын көрсете отырып, жүзеге асырылатын нақты бағыттарды саралап берді. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі екеніне тоқтала келіп: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», –деп, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау, оны 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізу қажет екенін нақтылаған еді. Содан бері арнайы комиссия құрылып, латын әліпбиіне көшудің алғашқы нұсқасы да ел назарына ұсынылды. Жуырда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ғылым академиясы ғимаратында «Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізі» атты тақырыпта ғалымдар келелі кеңес өткізді. Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов жиналған қауымға мәселенің аса маңызды екенін айта келіп, ғалымдарға сөз берді. Қалқаман Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы: − Бүгін тарих институтындағы осындай маңызды тақырыпты талдауды өз басым құптаймын. Бұл біздің қоғамда бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әлемде қазір жүзден астам мемлекет латын әліпбиін пайдаланады. Тіпті Қытайдың өзі осы мәселені қолға алуда. Шетелдердегі қазақ жастары: «Мұнда орыстың кирилица әріптерімен ештеңе жасай алмаймыз. Бұл әлемдік технологияда ешқандай қолданыста жоқ. Біз латын әліпбиіне көшкеніміз жөн», − дейді. Мен жазушы Герольд Бельгермен бірнеше рет кездесіп, пікір алысқан едім. Бір жолы неміс тілі мен қазақ тілінде фонетикалық ұқсастықтар барын айтып, оған нақты мысалдар келтірдім. Біздің «ң, ө, ү» әріптеріне неміс халқының да сөздерінде кездесетінін алға тарттым. Жазушы: «Бұл ұқсастықтарды қайдан алып отырсыз?», − деп сұрады. Мен ғұндар тарихымен айналысып жүрген соң солар туралы тарихтың біраз сырларынан сөз қозғадым. Ұлы ғұндардың қоныс аудару кезінде батысқа келгенін, сол кезде олардың жергілікті ұлтқа ықпалы болғанын ашып айттым. Өйткені көптеген герман тайпалары ғұндардың қол астында болғаны анық. Соны ауызға алғанымда жазушы: «Бәлкім, солай болған шығар да. Сонда да болса, мұны әлі де зерттеу керек», − деді. Латын әліпбиінде – 26 әріптік таңба бар. Ал гректерде – 24, біздің нұсқада – 28 дыбыстық таңба бар. Біз латын әліпбиіне көшеді екенбіз халықаралық терминдердің бәрін сол күйінде қабылдаған дұрыс. Олай істемеген жағдайда әлемдік байланысқа енген соң біздің аудармадағы терминдер зор кедергі келтірері анық – деді. Академик Серік Қирабаев: − Тіл, әліпби мәселесі соңғы кезде қауырт көтерілуде. Қазір латынға көшуге ешкімнің қарсылығы жоқ. Біз латын әліпбиіне көшумен бірге тілге реформа жасауды араластыра қарап отырмыз. Біз ең алдымен әріптерде қазақтың ұлттық тілі, оның ұлттық мәні және ұлттық тіліміздің қасиеттерін сақтай отырып, латын әліпбиіне көшудің дұрыс жолын таңдай білуіміз керек. Біз өзіміздің ұлттық тіліміздің қамын аз ойлаймыз. Мені тіліміздің бұрмаланып кеткені ойлантады. Неге біз бір дыбысты латынның екі әрпімен белгілеуіміз керек? Бұл қазақ тілін бұрмалауға алып келеді. Мысалы, біздің орыс әліпбиінен өзгеше төрт әрпімізді кезінде Ахмет Байтұрсынов жіңішке белгілермен таңбалап берді ғой. Қалай айтсақ та тілімізге нұқсан келтіріп алмау жағын қарастырғанымыз жөн. Мен осыны бірталай жиындарда айтып келемін. Бірақ қанша айтып, талқылаудан өткізсек те ең соңында бастапқы нұсқаның шыға келгенін көреміз. Мені осы жағы қатты алаңдатады. Осының да аяғы солай болып кетпесе екен деймін, − деп қынжылды. Ахмет Тоқабай, тарих ғылымдарының докторы: − 2000 жылдың басында мына Татар-станда латын әліпбиіне көшуге байланысты үлкен айтыс-тартыс болған еді. Татарстанның бүкіл интеллигенциясы латын әліпбиіне көшу керек деп бастама көтергенде, Ресей билігі қолдамай қойған. Сонда татардың үлкен ғалымы Ысқақов: «Біз түбінде латын әліпбиіне көшеміз. Түбінде орыстың өзі де латынға көшуге мәжбүр болады», − деген. Мен Мәскеуде түркі халықтарының интеллигенция өкілдерімен кездестім. Олардың бәрі латын әліпбиіне көшуді армандап отыр. Бізге кириллица әліпбиі күшпен кіргізілгенін сіздер жақсы білесіздер. Оның негізі түркі елдерінің бірігіп кетпеу саясатында жатыр. Ал енді біз латын әліпбиіне қалай көшеміз? Қазір қазақтың өзіне ғана тән дыбыстар бар. Олар 6 әріптен тұрады. Талдауға ұсынылып отырған үлгіде кейбір дыбыстарды екі әріппен қосақтап берсек дейді. Мен мұны мақұлдай алмаймын. Кейбір латын әліпбиі таңбаларына қосымша үтір, нүкте секілділерді қойсақ бір әріппен-ақ дыбысымызды берер едік. Егер компьютерге лайықтап, дыбыстық ерекшеліктерімізді қысқарта беретін болсақ, тілімізге нұқсан келері анық. Онда сөз өнері − әдебиет, поэзия әдірем қалады. Сондықтан осы жағына сақ болған жөн. Ең бастысы өзімізге тән дыбыстарды жойып алмауымыз керек, − деп ой түйіндеді. Бейбіт Қойшыбаев, тарих ғылымдарының кандидаты: − Кезінде бізге кириллица түркі тұтастығын бөлшектеу үшін кіргізілді. Оны әрбір ұлт өзінше реформалады. Қырғыздың тілін түсінсек те, жазуын оқи алмаймыз. Латын әліпбиіне көшуді бәріміз қолдаймыз. Кириллицада біздің бір дыбыс, бір әріппен белгіленді. Латынға көшкенде де біз соны қалаймыз. Қазақтың әуезді сөздері сонда ғана өзгерістерге түспейді. Кешегі парламентке ұсынылған латын әліпбиінде қосарланған дыбыстық ерекшеліктер бар. Соларды қайта қарап, бір дыбыс, бір әріпке келтірсе жөн болар еді. Біздің әу бастағы мақсатымыз түркі халықтарын жақындастыру еді ғой. Ол мақсатқа жетудің өзі қиын болып барады. Бізден бұрын асығыстықпен латын әліпбиіне көшкендер жіберген олқылықтарының салдарынан бірін-бірі оқи алмауда. Менің ойымша, біз осылардан сабақ ала отырып, қосарлана ұсынылған әріптерге сергек әрі мұқият қарауымыз керек. Қосарланған әріптерді дыбысқа қарай бір әріппен беруге болады, − дейді. Нәбижан Мұхамедханұлы, тарих ғылымдарының докторы: − Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып, кең түрде талқыланып жатыр. Жаңа ғана талқылауға түсіп жатқан алты әріпті айтып жатырмыз. Мұның бәрі шешіледі. Мені көп ойландыратыны ұлттық бірегейлікті қайтіп жүзеге асыратынымыз. Өйткені тәуелсіз мемлекет болғандықтан ұлттық бірегейлік болуы керек. Бізге ел ішіндегі бірегейлік, жалпы қазақ халқының бірегейлігі, ұлттық құндылықтың бірегейлігі, діни сенім-нанымның бірегейлігі, мақсат-мұраттың бірегейлігі бәрінен де маңыздырақ. Мен осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанда ұлттық бірегейлену үрдісі басталып кетті деп мақала жазғанмын. Тәуелсіздіктің арқасында дүниенің төрт бұрышына тарап кеткен оралмандар елге орала бастауының өзі ұлттың бірегейлене басағанын көрсетеді. Сол үрдіс қазір де жүріп жатыр. «Мәңгілік ел» болу үшін ұлттық бірегейлігіміз нақты жолға қойылған болуы тиіс. Ұлттық кодты жаңа заманауи түрдегі ғылыммен ұштастыра алсақ, мәңгілік ел, мәңгілік ұлт бола аламыз, − деп ойын түйіндеді Дөңгелек стол отырысында сөз алған ғалымдар Әлімғазы Дәулетхан, Бабақұмар Хинаятұлы, Берекет Кәрібаев және Орталық архив қызметкері Ғалия Теміртон талқылауға салынған негізгі мәселеде өз ойларын айтты.