Солтүстік Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметі тексерілуде

Солтүстік Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметі тексерілуде. СҚО ІІД тергеу басқармасы қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі полиция ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қылмыстық іс аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен ІІД тергеушілері Петропавлда осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан компанияның қызметі туралы барлық мән-жайды анықтайды. «Компания клиенттерге айына салынған соманың 17-ден 26 процентіне дейін табыс қарастыратын бірнеше пакет ұсынған. Өз кезегінде, салымшылар қаржыларын салуға дайын басқа да қатысушыларды алып келуге міндеттелген. Олардың артынан тіркелген адамдар санына байланысты қосымша бонустар беріліп отырған», – деді СҚО ІІД баспасөз қызметі. Келісімшартқа сәйкес, компания салынған қаржыны салымшыларға кез келген уақытта беруі тиіс болған. Алайда, солтүстікқазақстандықтар ақшаларын осы күнге дейін ала алмай жүр. «Компания өз қызметінің заңды екендігін сканерленген құжаттармен дәлелдеді. Кәсіпкерлік қызметке қолданылмайтын жеке тұлғалардан қаржы алу, заттай қызметтің болмауы және соңынан адамдарды ертіп пайда табу – қаржы пирамидасының белгілері. Мұның бәрін жіті тексеру керек», – деп атап өтті СҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлихан Байқадамов. Компанияға 50 азаматтың қаржы салғаны анықталды. Полиция оның толық тізім еместігін алға тартып, барлық салымшылардың байланысқа шығуын сұрайды.

Back to top button