940
Мәми Сот төрелігі академиясының түлектерін сынға алды
Мәми Сот төрелігі академиясының түлектерін сынға алды
Сот төрелігі академиясының магистратурасын бітірген 2 түлек қорытынды мемлекеттік аттестациядан өте алмаған. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сот жүйесін одан ары дамытудың өзекті мәселелерінің бірі судья кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру екендігіне баса тоқталған Қайрат Мәми: «Осы жылдың басында 2017-2020 жылдарға арналған сот білімінің жаңа стратегиясын бекітілді. Сонымен қатар Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдасының жобасы әзірленді. Академиясының негізгі қызметі жаңа фармациядағы судьяларды дайындау болмақ. Дегенмен, жүргізілген тексерулер нәтижесі оқыту сапасы мен оқу процесін ұйымдастыруда бірқатар кемшіліктердің бар екендігін көрсетті. Ағымдағы жылы академияның алғашқы түлектері бітіріп шықты. Жекелеген магистранттар алған білімінің өте төмен екендігін көрсетті», - деді.
Оның айтуынша, магистратура бітірген 2 түлек қорытынды мемлекеттік аттестацияны тапсыра да алмаған. «Аталған тұлғалар екі жыл бойы мемлекет есебінен оқып, шәкіртақы алды. Нәтижесінде тестілеу барысында олар төменгі шекті балды да жинай алмаған. Олар екі жыл бойы бірнеше мәрте аралық және шекті бақылауларды қалай тапсырған деген сұрақ та туындайды. Ең сорақысы, олардың бірі академияға Жоғарғы сот хатшылығының сектор меңгерушісі лауазымда жүріп түскен. Оқуға оны кім ұсынды? Енді ол тағы да бізде сектор меңгеруішсі болып жұмыс істемек пе? Нұрсерік Кәрімұлы (ҚР Жоғарғы соты Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов) мұндай әрбір факті бойынша қызметтік тексеру жүргізу қажет», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Қайрат Мәмидің мәліметінше, екі жыл бойы академияда білім алған магистранттардың төрттен бірі судья лауазымына өткізілген сынама біліктілік емтиханынан өте алмаған.