Сын семсері

Сын семсері

Сын семсері
ашық дереккөзі
1196
  1. Сынның «Қызыл алмасы»

«Өнерге өліп-өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да жоқ.»

А.С. Пушкин

Ол жемістен – қызыл алманы жақсы көреді. Ақ та емес, сары да емес, тек қызыл алманы. Ол әңгімеден – қырғыз халқының құлагер қаламгері Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» атты әңгімесін жақсы көреді. Және жай ғана емес, қызыға-құлай сүйіп жақсы көреді. Бүгінге дейін сан рет оқып шығыпты оны. Алдағы уақытта талай оралары анық оған. Халқымыз сөз өнерін бәрінен биік қойған. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Қазақтың тілі мың астарлы, мың қатпарлы. Кейде қазақтың бір мақалының астарлы мағынасын ұғындыру үшін том-том түсініктеме қажет. Өзге түгілі, өзіміз де қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне жүгініп жатамыз. Қазақтың асыл сөзін өзге тілге аудару кейде мүмкін де емес. Бәлкім, аудармашының тілі жетпегесін қазақтың асыл сөздері бүткіл әлемге тарай алмай, таныла алмай да жатқан болар. Қазақ – сыншыл халық. Қазақтың жеті («көп» деген мағынада) өнеріне (сөз бен саз өнерінен басқа, атбегілік, құсбегілік, итбегілік, т.б. дәстүрлі мәдениет түрлері) сай, сыншылық өнері де қоса өріліп, қатты дамыған. Сын өнердің барлық түріне айтылған. «Тез қасында қисық ағаш жатпайды», «Сын түзелмей, мін түзелмейді» сияқты мәтелдердің болуы – соның айғағы. Дүйім қазаққа аты шыққан би, шешендер, жыраулар, ақындар, сал-серілер сөз майталмандары ғана емес, сын сәйгүліктері де болған. Сын дегеніміз – талғам, талап. Талғамға салып талаптанса ғана, адам тарландыққа таласа алады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деудің өзінде ұлағат бар. Яғни, Майқы би «Түгел сөздің түп атасы» атану үшін өзіне дейінгі данагөй сөз иелерінің айтқанын қаншалықты көңіліне тоқып, зерделеген болса, соншалықты сыншылық өнерді де меңгергені қисынға келеді. Әдебиет, өнер бар жерде сын да бар. Сынсыз әдебиет пен өнер өспейді. Сын болмаса, әдебиет те, өнер де өшеді. Әдебиет пен өнер болмаса, сын да дамымайды. Бұл – еш дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ежелгі дүние тарихына жүгінсек, сонау антикалық дәуірде Грекия мен Рұмда, ежелгі Үнді елі мен Қытайда сыншылық айрықша кәсіп болған екен. Бертін келе, XVII ғасырдан бастап XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін, Еуропада Томас Карлейль, Шарль Огюстен де Сент-Бев, Ипполит Тэн, Фердинанд Брюнетьер, Мэтью Арнольд, Георг Моррис Кохен Брандес есімдері сыншылығымен танылды. Орыс әдеби сынының тарихына үңілсек, оның алғашқы ұшқындары ХІ ғасырдан бастау алады екен. Ал – орыс әдебиетінде «критик» сөзін айналысқа түсірген сықақшы-ақын һәм елші Антиох Кантемир Ыстанбұлда туған. Антиох Кантемир XVIIІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, орыстың әлеуметтік - саяси билігінде маңызды рөл атқарған. Оның арғы тегін қазбалай берсек, атасы Қантемір мырза Ноғай Ордасын құрған атақты Едігеден тарайтын боп шығады. Орыс әдебиетінде рецензияға тұңғыш бет бұрған Николай Карамзин боп есептеледі (оның өзі арғы тегін татардың Қара мырзасынан таратады). Карамзиннен кейін рецензия саласында қалам тартқан орыстың ұлы ақыны Пушкин. Ал, орыс әдеби сынын биік шыңға көтерген Белинский мен Добролюбов екенін әдебиеттен хабары барлардың бәрі білетініне еш күмән жоқ. Екеуінің әдебиеттегі реализм теориясын түйіндеп, негіздегені және де белгілі. Міне, сын өнерінің осы сияқты қыр-сырының бәрін, бәрін болмаса да біразын, Бақыт Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінде оқып жүргенде көкірегіне тоқып білді. Бір қызығы – ол оныншы сыныпқа дейін сын мақала оқып көрмепті. Сыни еңбектер туралы «мектеп оқулығында қысқаша берілген мағлұматты тек кеңейтіп, шұбалтып баяндайтын дүниелер» деген теріс ойда болыпты. Алғаш оқыған сын дүниесі – Белинскийдің Пушкин туралы мақаласы. Кітапханадан орыс сыншысының қазақ тілінде 1948 жылы шыққан кітабы қолына түскен ғой. Соның әсері ме, ол Мұхаметжан Қаратаевтың «Туған әдебиет туралы ойларын» да оқып, сын туралы көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Сол-ақ екен, енді ол мерзімді баспасөз беттеріндегі сыни еңбектерді, жаңа шығып жатқан әдеби сын кітаптарын қалт жібермейтін болады. Тағы бір қызығы – Бақыт «сыншы болам» деп те ойламаған. Оқуға түскен 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде «Сізге қандай өлең ұнайды?» деген айдар аясында қызу пікірталас жүріп жатады. Өзі де тәп-тәуір өлең жаза алатын оған аяқ астынан «Маған да неге өз пікірімді білдірмеске?» деген ой келеді. Сөйтіп, дәптердің парағымен 15 бет мақала жазып, редакцияға жібереді. Не керек, араға 6 ай салып, әлгі мақала «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» деген атпен жарық көреді. Бір мақаламен-ақ сыншы боп кете алмайсың. Алайда Бақыт Сарбалаевтың сыншылық тәжірибесін аталмыш жарияланымнан бастап есептеуге әбден-ақ болады. Тағы бір тұжырымымыз – сыншылық қабілет, талант Бақыттың бойында әу бастан бар-ды. Десе-дағы Бақыт кәсіби сыншылық жолға түскенге дейін біраз уақыт өтті. Сол екі ортада ол ауылда мұғалім де болды, ауданда газет тілшісі де болды. «Лениншіл жастың» әдебиет пен өнер бөліміне келгенге дейін төрт жыл бойы «Қазақстан мұғалімі» газетінде де адал қызмет атқарды. Арадағы алты жыл зая кетті деуге келмес, ол қызметтің бәрі – өмірлік тәжірибе. Осы уақыт ішінде қарап жатпады, талай сыни мақала да жазды, іштей кәсіби сыншы болуға да дайындалды. Ақиқатын айтсақ, сыншылық – қызығынан да гөрі қиындығы мол, ғажабынан гөрі азабы көп өнер. Сыншылық деген – орасан зор жауапкершілік те. Олай болса, Бақыт жауапкершілік жүгі ауырлау жолды неге таңдады? Мұның басты себебі – Бақыт әдебиетті шексіз сүйді. Әдебиетті шексіз сүю деген – оның ыстық-суығына төзе білу, бар ауыртпалығын көтеріп алу, барды «бар», жоқты «жоқ» деп айту. Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты тұңғыш жинағы 1981 жылы жарық көрген-ді. Бұл кітапқа сыншының газет-журнал беттерінде жарық көрген эсселері мен әдеби портреттері топтастырылды. Алайда автор жарияланымдарының бәрін жинаққа тықпалай бермей, тек сүбелі дегендерін іріктеп алды. Кітаптың тақырыптық атауы мен мазмұнына зер сала отырып-ақ сыншының кітапты шығаруға қаншалықты жауапты қарағанын білуге болады. «Өз ісіне адалдық» деп осыны айт. Алғашқы сын мақаласы жарияланған күннен бастап тұңғыш кітабы шыққанға дейін екі аралықта он бес жыл өтіпті. Бұл кезеңде «жас сыншы» аталып жүрген Бақыт жұртшылыққа кеңінен танылып үлгерген еді. «Лениншіл жас» газетінің оқырмандары «Қызыл алма іздеп жүрмін...», «Алтынкүрек соғып тұр» сынды сыршыл да шыншыл сыни мақалаларын асыға күтетін. Бақыттың «Қызыл алма» жинағындағы «Өрт жүректің өмір дастаны» атты көлемді мақаласы Мұқағали Мақатаев марқұм болған 1976 жылы жарық көрген «Өмірдастан» атты таңдамалысын танып-талдауға арналған. Оны біз Белинскийдің Пушкин шығармаларының қайтыс болғаннан кейінгі басылымына өзіндік жауап, тарихи баға ретінде жариялаған «Александр Пушкиннің шығармалары» атты 11 мақаладан тұратын топтамасына (цикл) ұқсаттық. Бұл жай ғана біз байқаған сырттай ұқсастық па, әлде, шынымен де Бақыттың Мұқағалидай ақын ағасы, асыл ағасы қайтыс болғаннан кейінгі басылымына өзіндік баға-құрметі, жоқтау жауабы ма? «Қазір қазақтың қара өлеңінің аты аталғанда Абай, Ілияс, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаевтар ғана емес, Мұқағали Мақатаевтың есімі де есіңе түседі. Мұның себебі неде?» деп сұрақ қойып алып, сыншы оның дәлелді жауабын ұсына қояды. «Мұның себебі – қара өлең мен аталған асқақ ақындарға қоса, қара өлең мен Мұқағали Мақатаев та бір-бірімен ажырамас, алға қатар қадам басар құбылыс болып кетті», – дейді. Соның артынша тағы да «Неге?» деп сұрақ қояды да, қайыра мықты уәж айтады: «Мұқағали Мақатаевтың бар және бірден-бір дерлік қаруы да, құдіреті де – осы қара өлең». Одан әрі сыншы «Рас, М. Мақатаев Пушкин де емес, Лермонтов та емес, ол Махамбет те болған жоқ, Есенин де бола алмады» деп ақынның өз сөзін келтіре отырып: «Алайда ол қазіргі күннің ғажайып ақындарының бірі – Мұқағали Мақатаев болды. Бірақ, оны осындай қазақ ақыны еткен де, мәртебесін биіктетіп, ақындық ғарышына самғатқан да – осы қазақтың қара өлеңі», – деп түйіндейді. Қырық жыл бұрын Бақыт Сарбалаевтың Мұқағали туралы айтқан базбір тұжырымдары бүгінгі таңда әбден жауыр болған жаттанды пікірлер болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, сол классикалық пікірлерді алғашқылардың бірі болып айтқан кім? «Бәсе» десейші. «Мұқағали Мақатаев десек – өлең дегеніміз. Өлең десек – Мұқағали Мақатаев дегеніміз», – деп тұжырымдайды сыншы. Рас па? Рас. «Ол – Абай, Махамбет бола алмағанымен Мұқағали Мақатаев бола алған ақын. Ақын өзіне-өзі баға бермейтінін ескерсек, айдай ақиқат: тамаша творчествосы – оның ірі ақын – Мұқағали Мақатаев екенін пайымдатады. Себебі, ол – нағыз өлеңдер, Өрт жүрегінің тұтас Өмірдастанын жазған ақын. Сондықтан да, ол өлмейді. Өлеңдері келешекке көшіп, болашақ ұрпақтармен табыса береді. Бұл – мәңгілік көш, сапар. Бұл – мәңгілік өмір. Мұқағали Мақатаев! Алып ақынның өрт жүрегі өлеңдерінде – Өмірдастанында дүрсілдеп соғып тұр», – деп қорытады сыншы. Сенімді ме? Сенімді. Сенімді болатыны – Бақыттың өмірге ақынның көзімен қарайтындығынан, сыни шығармасын ақынның тілімен сөйлететіндігінен. «Мен жемістен – қызыл алманы жақсы көремін. Ақ та емес, сары да емес, тек қызыл алманы. Мен өмірден – әрқашан маздақ та мөлдір махаббатты көргім келеді. Онда да Исабеков пен Бейтаныс қыз арасындағыдай алғашқы, аңғал, адасқақ сүйіспеншілікті емес, оларға енді жолығар, Даниярлар мен Жәмилалар әлдеқашан тапқан, қазіргі Қозылар мен Баяндар бастарынан күнбе-күн кешіп жүрген таза, табанды, тамаша махаббатты көргім келеді. Бұл өмірдің – өнерге, өнердің – өмірге айналуының өзі осы болса керек». Бұл – Бақыттың «Қызыл алма іздеп жүрмін...» атты толғамынан алынған қорытынды бөлігі. Иә, ол жемістен – қызыл алманы жақсы көреді. Ақ та емес, сары да емес, тек қызыл алманы. Ол қуаныштан – әдебиетке деген орасан зор сүйіспеншілігі – сынның «қызыл алмасын» өз оқырманына сыйлай алғанына қуанады. Өйтпесе, Бақыт Сарбалаев сұңғыла сыншы болар ма?
  1. Сынның тезі, өткірдің жүзі
 

«Сыншы дарыны – сирек дарын.»

В.Г. Белинский

Сын қай кезде де жауынгер жанр саналған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, яғни, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу кезеңінде «Әдебиет майданы» атты журнал шығып тұрды. Нақтырақ айтқанда, аталмыш әдеби-бұқаралық, қоғамдық-саяси басылым 1932-39 жылдар аралығында өмір сүрді. Онда ауыз әдебиетінің үлгілері, қазақ жазушыларының көркем шығармалары, әдеби-сын туындылары, публицистика, очерктер жиі жарияланды. Басылымның қалыптасуына Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Iлияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары көп еңбек сіңірді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те үзбей мақала жазып, журналдың көркемдік сапасын арттыруға мол ықпал етті. Әуезовтің әдебиет сыны туралы арнайы теориялық мақала жазбағанымен, түрлі мәжіліс-кеңестердегі сөйлеген сөздерінде, әдебиет пен өнердің жеке өкілдері, жеке шығармалары жайлы жазған мақалаларында сынның міндеті, ерекшеліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып отырғаны белгілі. Ұлы жазушының ұранға бергісіз «Сын шын болсын, шын сын болсын!» деген нақыл сөзі әрбір сыншының парасатты принципі, толайым ұстанымы болды. Ол әлі күнге дейін өзектілігін, маңызын жойған да жоқ. Сол тұстағы әдеби үдеріс ұрыс даласын, мылтықсыз майданды көзге елестететін. Қазақ әдеби ұйымының басты басылымдарының бірі «Әдебиет майданы» деп аталуы да содан. Осы майданда әдеби сын әрдайым алғы шептен көрінді. Кеңес өкіметі мен компартия әдеби сынды шебер пайдалана отырып, оны идеялық қарсыластарға күшті қару ретінде қарсы жұмсады. Осы идеологиялық майдан үрдісі, алыптар шайқасы бертінге дейін, кеңес өкіметі құлағанша жалғасып келді. «Сын деген – әдебиеттің шекарасы. Сырттан атылған оқ та, іштен атылған оқ та алдымен соған тиеді. Ал, сыншы дегеніміз – сол әдебиет шекарасының сақшысы. Демек, оған қалғуға болмайды. Бір ғажабы – оған постыдан кетуге болмайды. Себебі, оны ешкім алмастыра алмайды. Демек, сыншы дегеніміз – сирек талант болумен қатар қоғамдық күрескер. Әдебиеттегі бірінші күрескер. Демек, ол әдебиеттегі жақсылыққа бірінші болып көз салып, жамандыққа бірінші болып аттандауға тиіс. Осы ретте оның мақталып, немесе датталып жатуы әбден заңды. Ол шекараны бұзушылардың жон терісін сыпырып қана қоймайды, оны әлгі шекараны бұзушылар соғып кетуі де мүмкін. Осының бәріне төзген адам ғана сыншы болса керек». Бұл – Бақыт Сарбалаевтың сыншылық кредосы. Байқап отырсаңыз, оның сөзінде әдеби дегеннен гөрі, әскери дегенге көбірек келетін ұғымдар басымдық танытып тұр. Мұның өзі – сынның жауынгер жанр саналатынының жарқын көрінісі. Бақыт Сарбалаев өзі тиянақтап берген осы сыншылық кредосына барынша адал болды. Оны бүгінге дейін жазған мыңға жуық мақалаларынан, соларды іріктеп берген жинақтарынан анық байқауға болады. Бір байқағанымыз автор сыншылық ғұмырында қаламын аз тербемесе де, кітап жинақ шығаруға келгенде, аузының салымы жоқ. Әйткенмен, шығарғандары аз да болса, саз. Оның әрбір жинағы – оқырман үшін қызға ұсынған қызыл алмадай қып-қызыл сыйлық, ажарлы базарлық. Оның себебі – сыншының кітап шығаруға үлкен жауапкершілікпен қарауынан. Оны айтасыз, Бақыт тұтас жинақ түгіл әрбір мақаланы жазу алдында өзіне зор міндет жүктейді. Қатып қалған қалыптардан, сөз қайталаудан, ой ұқсастығынан қашып, әрдайым тың шығармашылыққа ұмтылады. Тіпті, тақырыптық атауларының өзінде әдеттегі сыни мақалалардың аттарына ұқсамайтын сонылық бірден көзге түседі. Кейбірінен жүрекке жұмсақ лиризм лебі есіп тұрса, кейбірінен революциялық жел соғады, бірінен салмақтылық салқыны сезілсе, бірінен ойнақылық оты шарпиды. «Ыстықкөлдің жарқыраған шалқар айдынында ақ кеме көрінеді. Қандай әсем еді өзі? Толқын үстінде тербеліп, алысқа тартып барады. Ізінде шуда-шуда ақ көбік есіліп қалып жатыр. Ол алға беттеген, арман – ақиқатқа беттеген. Оқтай түзу, алған сара бағытынан таймай кетіп барады. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» атты тамаша туындысын оқып шыққаннан кейін сен де еріксіз авторға қосыласың. Қаншалықты қимасаң да, Баламен амалсыз қоштасасың. Бала үшін бар айтарың: «Армысың, Ақ кеме. Бұл келіп тұрған мен ғой», – деген бір ауыз сөз. Оны да сол Баладан естігенсің, соның пәк жүрегінен, адал сезімінен көкейге түйгенсің». «Ақ кеме алысқа беттеді» деп әдемі атау қойылған бұл мақаланы қырғыздың құлагер қаламгері Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасына ғана айтылған сыншы пікірі (ол да бар, әрине) деп ойлап қалмаңыз. Бұл – қазақ жазушыларының балаларға арналған әдеби шығармаларын шолған сыни мақала. Ал, сыншының «Ақ кемені» мысалға келтіріп отырған себебі – қазақ балалар әдебиетіне тікелей қатысты көкейде жүрген сан алуан сауалдарға жауап іздеуден туындап жатыр. Сауалдары барынша салмақты: «Бізде Айтматовтың «Ақ кемесіндей» кесек туындылар бар ма? Немесе өз ақ кемесі бар шығармаларымыз бар ма, бар болса олардың өріс, өресі қандай? Жалпы, бүгінгі жасы кіші замандастар тұлғасының өрнектелуі қалай? Бедерлі сомдалған балалар бейнесін атай аламыз ба?» Осындай нақты сауалдар қоя отырып, сыншы балалар әдебиетіне жоғары талаптар қою қажет екенін аңғартады. Аңғартып қана қоймай, оны мақаласының қорытынды бөлімінде түйіндеп береді. «Ойлап қарасақ, бізде балалар бар-жоғы ойнап жүр, олардың өмірі қарапайым, онда күрделі не бар деп қарау үстем ұғым екен. Біз мұны мүлдем теріс, адам төзгісіз түсініктер дер едік. Өйткені, балалар тек ойнап жүр ме? Жо-жоқ, олар өмір сүріп жүр. Олар болашақ азамат – күрескер болуға, қоғам құрылысшысы, еңбек иесі болуға қазірден даярлануда. Олардың үлкендерге қарағанда ғажап артықшылықтары бар. Олар – пәк, адал, таза, арманшыл. Олар – шебер, еңбеккер, ізденгіш. Олар бәрін үйренуге дайын тұрады және үйренуде. Олардың кіршіксіз ары, нәресте жүрегі – асыл адамгершіліктің дәні. Сол дән өсіп, жапырақ жарып келеді. Ендеше оларды жамандықтан қорғау керек, оларға қасиетсіздік, арсыздық ұшығы сіңіп кетпесін. Балғын жандарын қарабайырлық, қараулық жараламасын. Оларға осы орайда үлкендер көмегі, аялы алақаны, жүрек жылуы керек, бейбіт күн сәулесі, таза табиғат аясы керек, сусындар рухани нәр – әдебиет керек». Оның балалар әдебиетіне көп көңіл бөлуінің өзінде үлкен мән бар. Расында да, бүгінгі бала оқырман – ертеңгі ересек оқырман емес пе? Оның талғамын бүгін түзіп, түзетпесек, ертең кеш болмай ма? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, сыншы һәм педагог Бақыт Сарбалаевтың балалар әдебиетіне арналған тағы бір мақаласын «Бесік жыры – басты жыр...» деп атауының астарында осындай кесек-кесек ойлар жасырынулы еді. «Алып Абайдың мына бір жолдарын бәріміз де кішкентайымыздан жаттап өстік: Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең... Бұл – қашаннан қазақ өміріне тән, етене болмыс. Қашаннан қазақ өмірінде тал бесік пен тас табыттың арасын өлең алып жатыр. Бірақ, осы ғажайып өлең әлемінің төл басы, тұңғышы қайсы?» – деп сұрақ қойып бастаған сыншы Бесік жырынан үзінді келтіреді де: «Иә, есте жоқ ерте кезден-ақ қазақ баласы анасының әлдиі арқылы Бесік жырымен ауызданған. Олай болса осы ұлы өлең – қазақ балалар әдебиетінің ғана емес, күллі тіл өнеріміздің тұңғыш туындысы емес пе? Бұдан аңғарарымыз: Бесік жыры – біздің әдебиетіміздің бастауы, қайнар көзі, бесігі. Ал, бесіксіз айдарлы бала да жоқ, азамат Баһадүрлер де жоқ», – деп тұжырымдайды. Түптеп келгенде, осы көлемді мақалада көрініс тапқан терең ойлар қазіргі заманда қолға алу қажеттілігі дәлелденіп жүрген ұлттық педагогикамен ұштасып жатыр. Аталмыш мақаланың өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында жазылғанын ескерсек, автордың қаншалықты озық ойлы, парығы мол парасатты жан екенін аңдауға болады. Шындығына келгенде, сыншы дегеніміз – үлкен ұстаз тәрбиеші. Ол қаламгердің кемшін тұстарын айта отырып, оны жақсы жазуға, толғанысқа түсіп, терең ой білдіруге үйретеді. Дамыған, кемелденген қоғамның тәртібіне бағындырып баулиды. Сынның тезіне, өткірдің жүзіне салып тәрбиелейді. «Қазіргі күні байқайтынымыз – сынға жұрттың бәрі құмар. Оған ғашықтықтан, оған бейім-білігі бар болғандықтан емес тек. Бұл – бір жағынан, қуанышты, игі құбылыс болса, екінші жағынан, қуанышты емес, игі емес құбылыс. Яғни, оқырманның жақсы мен жаман не екенін білу үшін сынға көз тастауын басы ашық жәйт деп білейік, тіпті, шынайы шығармалар тудырушылардың да сынға назар аударуын, сыннан талдау, қолдау күтуін заңды нәрсе деп білейік. Ал, ортақол қыруар, шала қаламгерлерге не жоқ? Оларды қойшы; не суреттеме, очерк, не өлең, әңгіме жаза алмайтындардың сында несі бар? Тіпті, кейде сөз тіркестіріп, сөйлем құра алмайтындар да сынға қойып кетеді. Сонда сын ауылының не болғаны?» «Болмыспен бетпе-бет» деп аталатын бұл мақаласында Бақыт сын саласында өзін алаңдатып, толғандырып жүрген мәселелерді ашық айтып, ашына сөйлеп ортаға салады. Ашық айтатыны – «тоқырау заманының» шарықтау шегі болған өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында сын саласында жауырды жаба тоқуға келмейтін жағдай қалыптасты. Ашына сөйлейтіні – сын саласында сын төзгісіз жайлар орын алып, «Жақсы деген немене? Жаман деген немене?» екенін білмейтіндер сын ауылын жаулап алды. Сыншы қалыптасқан осы жағдайдың себеп-салдарын ашуға тырысады. Жалғыз сын саласында, не әдебиет майданында ғана емес, тұтас алғанда, бүкіл қоғамды тоқырау дерті тұншықтыра бастаған еді осы кезеңде. Міне, тумысынан сезімтал сыншы осы жайларды аңғара отырып, өзінің азаматтық үнін білдіріп, дабыл қаққаны осы себепті болатын. Осы ретте ол аталмыш дерттің зардабы туралы да өз қаупін жеткізе білді. Аталмыш мақаласында Бақыт Сарбалаев нағыз кәсіби сыншы-зерттеуші ретінде сынның шын болмысын да айқындап берген. «Сын – әдебиетке ілесуші, әдебиетпен қатар жүретін, оның даму барысын қадағалайтын жанр ғана емес. Оның міндеті тіпті де жекелеген шығармалар мен қадау-қадау авторлар творчествосын байыпты талдап, әділ бағалаумен шектелмейді. Сын – болмысында бастаушы, басқарушы, жетекші жанр. Сондықтан да оның ең басты міндеті сол – көркем әдебиеттің күллі даму процесін тұтас қарастырып, терең зерттеп, ондағы негізгі ағыстар мен иірімдерді, жағымды-жағымсыз тенденцияларды дер кезінде анықтап отыру, сол арқылы әдебиеттің заман талабына лайық дамуына жол сілтеу, жемісті жаңа өрістер мен биіктерге жетуіне бағыт-бағдар көрсету», – деп мақаладағы айтар ойларын тиянақтап, тамырын тереңнен тартады сыншы. Осылайша толғанған Бақыт Сарбалаев 1992 жылы шыққан «Өткірдің жүзі» атты жинағының беташар сөзінде сол тұстағы қазақ сынының жалпы сипатын береді. «Барша сыншыларға не жетіспейді? Алдымен, бірлік. Бұл, әрине, пікір таласына жол берілмесін деген сөз емес. Неге екенін қайдам, қазақ әдеби сынында полемика (пікірталас) жоқтың қасы. Шынында да, жеке басқа тимесе, әңгіме таза әдебиет туралы болса, оған шамданатындай не бар? Қай-қайсымыз да тиісті сөзді, пікірді мәдениетті түрде айтуға хақылымыз. Бір ауыз сөзді көтере алмау, сынағанды дұшпан көру қылмыспен бара-бар, біздіңше. Содан соңғы қазақ сынына жетіспейтін тағы бір нәрсе – белсенділік». Содан бері де ширек ғасыр өтіпті. Ақын-жазушылар суреттеп жазатындай, «талай сулар ақты, талай теңіздер тартылып, талай таулар құм болды». Әлбетте, тіршілік тоқтап қалған жоқ, өмір жалғасуда. Әдебиет майданы да тыншып қалған жоқ. «Неден қауіп қылсаң, соған тап боларсың» деген. Бүгінде Бақыт қауіп қылып айтқан үрдістер үйреншікті жайтқа айналып отыр. Амал нешік?
  1. Ар мен Ақиқат алдында

«Ақынның өмірдегі орны – қаламының қанаты қандай биікке көтеріп шығады, сол жерде.»

Ғ. Мүсірепов

«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Бұл – ұлы Абайдың он бесінші сөзінен алынған үзінді. Оны біз жайдан-жай алып отырғанымыз жоқ. Бақыт Сарбалаев бұл үзіндіні жатқа біледі. Жатқа біліп қана қоймай, данышпан ақынның осы өсиетін мүлтіксіз орындап, басқаларға да үлгі етіп, айтып жүреді. Ол өзінен өзі есеп алуды әлдеқашан дағдыға айналдырған. Міне, Бақыт жетпіс жасқа келген сәтінде де, осы дағдысынан айныған жоқ. Өзі туып-өскен Сыр өңіріне арнайы барып, ел алдында есеп беріп қайтты. «Жетпіске келдім» деп желпініп те отырған ештеңесі жоқ. Туабітті сыншылық мінезіне салып, еш бүкпесіз барды «бар», жоқты «жоқ» деп ашығын айтты. Бар болмысын жасырмай жайып салды. Ар мен Ақиқат алдында адалын айтты. Десе-дағы мерейтой иесі өзі туралы айтқаннан гөрі, өзгелер жөнінде, өз замандастары жайында көбірек сөз қозғады. Жазушылар одағының қазіргі жай-күйі, әдеби сынның бүгінгі күнгі ахуалы, жалпы, қазақ әдебиетінің келешегі өзін қатты толғандыратынын байқатты. Біз білетін Бақыттың бар болмысы осы. Қара басын күйттеу оған жат. «Елге болса екен» дейді. «Жаратқан иеміз жұртты жарылқасын» деп тілейді. Іштарлығы жоқ, қызғаныштың қызыл итінен аулақ. Біреудің жетістігіне шын сүйініп, қол жеткен табыстарына шын қуанады. Бақыттың атасы Сарбала Сыр өңіріне белгілі би болғанын естігеніміз таяуда ғана. Оның өзін сырттай естідік. Жұрттың айтуынша, Сарбала би өз заманында жұрттан жақсылығын аямаған мәрт кісі болыпты. Ашаршылық тұсында дүние салған көрінеді. Сарбаланың баласы Тұрсынды да ауыл-аймақ «би» деп атап, қатты құрметтепті. Тұрсын шаруашылық, ферма басқарған, тұрмыс комбинатының директоры қызметін атқарған. Ал, Бақыттың анасы Ұлбазар үй шаруасындағы әйел болған. Ең үлкені Бақыттан кейінгі екі жасында шетінеп кеткен Пернеш қызды есептемегенде жеті баланы тәрбиелеп-өсірген. Бақыттан кейінгі Жақсыбай тілші-ғалым, профессор атанды. Осыдан біраз уақыт бұрын ол марқұм болып кетті. Ең кенже ұл Төребай болса, ел құрметіне бөленген құрылысшы болып, ауылда тұрып жатыр. Оған да сөз өнері қонған. Сағира, Назира деген қарындастарымыз да өмірден өз орындарын тапқан ел қыздары. Ауыл демекші, Бақыт Сарбалаев 1990 жылы «Ана тілі» газетінің бас редакторы орынбасарының қызметіне алғаш кіріскенде, ең алдымен, ел қамын түгелдеуге, ауыл жағдайын таразылауға назар аударды. Өйткені ауыл – Алтын бесігі. «Ел іші – алтын кеніш» деген қағиданы берік ұстанып, басты оқырман да, байыпты сыншы да ауыл адамдары деп есептеді. «Ана тілі» газетін басқаратын талантты редактор, танымал журналист Жарылқап Бейсенбаевтың оны орынбасарлыққа шақыруы тегін емес-ті. Ол бір кездегі сын сарбазынан бүгінгі сын сардарлығына дейін өскен Бақыт Сарбалаевтың журналистік қарымы мен басқарушылық қабілетін көре білді. Сөйтіп, ақпарат кеңістігіне жаңадан қосылған «Ана тілі» газеті аз ғана уақыт ішінде бірден-бір ұлт басылымына айналып үлгерді. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік Бақыт Сарбалаев жұртқа енді талантты көсемсөзші ретінде танылды. Шын сыншы қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілетінін тағы бір аңдатты. ХХ ғасырдың басында Ресей империясының үкіметін басқарған Петр Столыпин: «Ұлттық сана-сезімі жоқ, қалыптаспаған халық өзге халықтар өсіп-өнетін көң», – деп мәлімдеген екен. Сондықтан да осындай дерттің  алдын алу үшін Алашорда арыстары қазақ халқының сана-сезімін оятуға бүкіл күш-қайратын жұмсады. Алашордалықтар жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде бас көтерсе, кеудесінде Алашорда идеясы өшпей, қайта жаңғыра түскен ұлт зиялылары сол ғасырдың соңғы ширегінде белсенділік танытты. Бақыт Сарбалаев та алдыңғы қатарда көрінді. Ол Алашорда идеяларының өзектілігі жойылмағанын, қайта олардың маңызы арта түскенін айқын түсінді. Әсіресе, оны Мұстафа Шоқайдың бай мұрасы қызықтырды. Мұстафа Шоқайдың түркішілдік идеяларын құп көрді. Ізінше ол Мұстафа Кемел Ататүріктің де еңбектерімен етене танысты. Қос Мұстафаны салиқалы саяси тұлға ретінде мойындап, өзіне қоса елге үлгі тұтты. Ұлт мүддесін жоғары қойып, саяси-әлеуметтік мәселелерді кеңінен қозғауды Бақыт Сарбалаев өзі 1995 жылдан бастап әлі күнге дейін редактор боп шығарып келе жатқан «Қазақ елі» газетінде қолға алды. Халықаралық «Қазақ елі» газетін шетелдерде тұратын қазақтарға арналған жалғыз басылым десе де болады. Бұған дейін бұл міндеттерді төте жазумен шығатын «Біздің Отан», «Шалқар» газеттері атқарып келген-ді. «Қазақ елі» газеті бұл үрдісті жалғастырып, жаңа деңгейге көтерді. Оның айрықша «Қазақ елі» деп аталуы бекер де емес. Қазақ баспасөзінің арғы-бергі тарихына жүгінсек, 1944-1956 жылдар аралығында дүние жүзі қазақтарына арналған журнал дәл осы атпен шығып тұрған. Оны әдебиет болашағының бұлыңғырлығы алаңдатады, ашындырады. Сын сардары әдебиетті сынау арқылы әлеуметтің қалпын аңғартып, қазіргі уақыттың басты қаупін, ұлтымыздың болашағына зор қатері барын ашық айтады. «Бастауыш кластарда мемлекеттік туған тілін оқып қана сусындап қалыптаспаған, ағылшын мен орыс тілдерін қоса оқып, қойыртпақтан миы ашыған мәңгүрт қазақ баласы – шын мәнінде де ағылшын мінезі мен орыс менталитеті өсіп-өнбекші қорда-қоқыр болғаны ма?! Қазақ болып қалмаған, Алаш баласы – оқырман болып ойлана алмаған ұрпақтан үміт үзе береміз бе?!» – дейді ол бір жарияланымында шын уайымын жасыра алмай. Расында да, журналистер «жалмауыз» деп ат таңған жаһандану заманында осылай демеске не шара?! Шынына келгенде, жоғарыда айтып кеткендей, сын – әдебиеттің алдыңғы сапында жүретін семсер сала. Сынға деген көзқарас – әдебиетке деген жанашырлық. Демек, бұл салаға айрықша қамқорлық қажет. «Азаттығымызды бекемдеудің, жер бетін қазақ болып мекендеудің жалғыз жолы – әдебиетімізді түзеу. Әдебиет түзелмей, әлеуетіміз де, әлеуметіміз де түзелмейді», – деп түйіндейді ойын сыншы. Бұған бақсақ, сын сардарының тек Ар соты мен Ақиқат алдында сөйлеп тұрғанына бек иланасың. Қолыңнан семсерің түспесін, Сын Сардары!  

Жақыпжан Нұрғожаев,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Серіктес жаңалықтары