Павлодарда оқушысынан қызметкері көп 11 мектеп жабылады

Павлодарда оқушысынан қызметкері көп 11 мектеп жабылады

Павлодарда оқушысынан қызметкері көп 11 мектеп жабылады
ашық дереккөзі
Павлодар облысында 11 мектеп жабылуы мүмкін. Бұл мəселе "Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында өткен «Білім беру» бағыты бойынша партиялық куратор аймақтық комиссиясының отырысында сөз болды, деп хабарлайды Baq.kz.  Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқановтың мəліметінше, үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында үш ауысымды, апатты мектептердің жоқтығы, мектепке дейінгі мекемелермен қамту секілді негізгі бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Отырыс барысында шағын жинақты мектептердің жайы талқыға салынды. Ведомство басшысының орынбасарының айтуынша, облыстағы шағын комплектілі 29 мектепті оңтайландыру күтіп тұр. «Білім беру мекемелерінің 11-ін жабу, 18-ін қайта құру ұсынылуда. Оңтайландыру биылғы оқу жылының аяқталуынан соң жүзеге асырылады»,- дейді Саян Мұқанов. Атышулы «Стикс» мектебінің мәселесіне келгенде С. Мұқанов бұл мектеп жабылады деп жауап берді. «Стикс» мектебі балалар бақшасының типтік ғимаратында орналасқан. Оқушылардың ата-аналармен сөйлестік. Қала әкімдігінің мектепті жою туралы қаулысы бар. Сол себепті, мектептің жабылуы жақын арада шешіледі. Мектеп педагогтарын жұмыспен қамтылуы таяу арада оң шешімін таппақ», - дейді С. Мұқанов. Еске сала кетейік, Павлодар облысында оқушылар саны бес балаға жетпейтін шағын кешенді 15 мектепті жабу жыл басында жоспарланған еді. Өңірдегі салалық басқарма өкілдерінің айтуынша, өткен жылы бала санының жетіспеуіне байланысты 13 бастауыш сынып, екі негізгі мектеп және Шалдай мектеп-интернаты жабылған. Өңірде 251 шағын кешенді мектепте 16 мыңнан астам оқушы білім алады. «Мәселен, Екібастұз қаласының Құрылысшы ауылындағы мектепте екі оқушы оқыса, тоғыз адам жұмыс істейді. Ал, Ақсу қаласының Төртқұдық ауылындағы шағын орталықта үш оқушы қалған. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап мұнда білім алатын 1-4 сынып оқушылары Достық ауылдық аймағына тасымалданады Бүгінде аталған білім беру мекемелерінде жүргізілген мониторинг қорытындысы бұл ауылдардағы білім сапасының өте төмен екенін көрсетіп отыр», - деп түсіндірген болатын басқарма басшысы Бақыт Бексейітова. Жалпы, облыста 389 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Олардың 387-сі - күндізгі мемлекеттік мектеп, болса, шағын жинақталған мектептер саны – 251. Күндізгі білім беру нысандарында 96 мыңнан астам бала оқиды. Қазақ тілді мектеп – 151. Ұлты қазақ балалардың санынан қазақ тілінде білім алатын оқушыларды қамту 74%-ды құрайды.