Астана – Қарағанды тасжолының Теміртау маңындағы бөлігінде үш бөлек жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала болжам бойынша, апаттарға көліктердің бірінің алдыңғы дөңгелегінің жарылуы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаттары 22 қараша күні сағат 18:30 шамасында Қарағанды бағытындағы тасжолдың 185-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Теміртау қаласынан келе жатқан Kia K5 автокөлігінің Қарағанды көшесіндегі көпір маңында алдыңғы дөңгелегі жарылған. Соның салдарынан артында келе жатқан көлік жүргізушілері шұғыл тежеуге мәжбүр болған.
Осының нәтижесінде Changan, Toyota, Jetour, Haval және Hyundai маркалы автокөліктердің қатысуымен үш бөлек соқтығыс болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта полиция барлық жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіп, болған жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерге қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайы мен көліктің техникалық жай-күйіне қарай жылдамдықты таңдауды, күрт маневр жасаудан аулақ болуды және жолға шығар алдында автокөліктің жарамдылығын тексеруді ескертті.