Қызылордада екі қызға араша түскен жас жігіт пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 20 қараша күні кешке Құлагер шағынауданында болған. 1984 жылы туған ер адам қоғамдық тамақтану орнынан мас күйінде шығып, екі қызға тиісіп бастаған. Осы кезде Нұралла есімді жас жігіт қыздарға араша түскен. Алайда ер адамдар арасында жанжал туындап, оның барысында 42 жастағы азамат жігітке пышақ сұққан деген ақпарат тарады.
Қазір зардап шеккен азамат ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның есін жиғаны хабарланды.
Шұғыла шағынауданы тұрғындарының айтуынша, аталған ер адам бұған дейін де көшеде адамдармен жанжалдасқан.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Полиция департаменті қылмыстық істің тергелу барысын бақылауға алды», - деп жауап берді ПД.