TikTok-та тікелей эфирге шыққан семейлік әйел үш айға психикалық денсаулық орталығына жатқызылды

/
TikTok-та тікелей эфирге шыққан семейлік әйел үш айға психикалық денсаулық орталығына жатқызылды
видеодан скриншот

Семей қаласында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізген 53 жастағы әйел психикалық денсаулық орталығына мәжбүрлі түрде жатқызылды. Бұған оның эфир кезінде балағат сөздер қолдануы және полицияға түскен шағым себеп болғаны хабарланды, деп жазады turkystan.kz.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген әйелдің бейнежазбасы құқық қорғау қызметкерлерінің назарына іліккен. Эфир барысында әйелдің бейәдеп сөздер айтқаны анықталған. Осыдан кейін полиция оның жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізген. Тексеру нәтижесінде әйелдің Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.

Полицейлердің мәліметінше, аталған әйел құқық қорғау органдарына бұрыннан таныс. Ол биыл тамыз айында да әлеуметтік желіде осыған ұқсас әрекет жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде сот шешімімен оған әкімшілік қамау жазасы тағайындалған болатын. Алайда арада бірнеше ай өткеннен кейін әйелдің TikTok-тағы тікелей эфирі қайтадан полиция назарын аударған. Бұл жолы жағдайға байланысты құқық қорғау қызметкерлері медициналық мамандарды да жұмылдырған.

Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әйелмен бірге тұратын азаматтан да шағым түскен. Осыдан кейін полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасымен бірге оның тұрғылықты мекенжайына барған. Ведомство әйелдің психикалық денсаулық орталығына жатқызылғанын мәлімдеді.

"Әйел үш ай мерзімге психикалық денсаулық орталығына мәжбүрлі түрде жатқызылды", – деп хабарлады полиция.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары