Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасап, бірқатар лауазымды тұлғаның қызметінен босатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Университет басшылығының мәліметінше, қайғылы жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданып, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен кетті.
«Аталған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды.
Қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл іс-шаралар қабылданды: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды.
Жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын.
Қазір барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілді.
Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз», – делінген ақпаратта.