4 адам зардап шеккен: Жаңаөзенде ауыр баған автокөлікке құлады

/
4 адам зардап шеккен: Жаңаөзенде ауыр баған автокөлікке құлады
видеодан скриншот

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында екі көліктің соқтығысуы салдарынан төрт адам жарақат алды. Соққыдан кейін көліктердің бірі бағанаға соғылып, баған көліктің үстіне құлаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 15 қараша күні сағат 14:30 шамасында Ақсу шағынауданында болған. Toyota Camry және Daewoo Nexia автокөліктері соқтығысқан. Соққыдан көліктердің бірі жол шетіне қарай ұшып барып, бағанаға соғылған. Соққыға шыдамаған баған көліктің үстіне құлап, оны қатты зақымдаған.

Апат салдарынан төрт адам түрлі дене жарақаттарын алған. Олардың барлығы Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасына жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, апаттың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция әлеуметтік желілерде тараған жол апатына үш көлік қатысқаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды. Ресми мәлімет бойынша, оқиғаға екі автокөлік қатысқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары