ЮНЕСКО тізіміндегі жеті нысан: Қазақстан Азия елдері рейтингінде 13-орынға тұрақтады

/
ЮНЕСКО тізіміндегі жеті нысан: Қазақстан Азия елдері рейтингінде 13-орынға тұрақтады

Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген нысандар саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға жайғасты. Бұл рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus арнасы жариялады. Рейтинг авторы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының деректеріне сүйене отырып, мәдени, табиғи және аралас мұра нысандарының санын есептеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір Қазақстанның ЮНЕСКО тізімінде жеті нысаны бар. Моңғолияда да осынша нысан тіркелген. Алайда ол рейтингте Қазақстаннан кейінгі орынға жайғасқан.

Қытай мен Үндістан көш бастап тұр

Рейтингте бірінші орынды Қытай иеленді. Ел ЮНЕСКО тізіміндегі 61-нысанына 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясы кезінде қол жеткізді. Бұл жолы тізімге Цзиндэчжэнь қаласындағы өнеркәсіптік мұра нысаны енгізілді. Мұнда бірнеше ғасыр бойы фарфор өндірілген. Аталған аумақта X-XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндіру жүйесі толықтай дерлік сақталған.

«Қытайдың Дүниежүзілік мұра тізіміне қосқан үлесі айрықша зор», – деді ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо.

Оның айтуынша, Қытайдағы мұра нысандары тек санымен ғана емес, алуан түрлілігімен де ерекшеленеді.

Үндістан рейтингте екінші орында тұр. Сол сессия барысында елдің 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тіркелді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа жеткеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.

Көшбасшы елдердің тізімі жаңа нысандармен толықты

Рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі өзге елдердің де мұралар тізімі жаңа нысандармен толықты. Ираннан Аламут бекінісі мен оған іргелес қорғаныс құрылыстары, ал Жапониядан ежелгі Асука-Фудзивара астанасы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Биылғы сессияны рейтингте 17-орында тұрған Оңтүстік Корея қабылдады. Әр мемлекет жылына ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу үшін бір ғана нысанды ұсына алады. Сондықтан көшбасшы елдер мен қалған мемлекеттер арасындағы алшақтық біртіндеп қана қысқарып келеді.

Қазақстанның жетінші мұра нысаны

Қазақстан өзінің жетінші нысанына 25 шілдеде ие болды. Сол күні ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне Маңғыстаудағы жартас мешіттері мен киелі орындар енгізілді. Олардың қатарында Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері бар.

Бұған дейін вице-президент Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен еді. Оның айтуынша, жерасты мешіттері тек құлшылық ететін орын ғана емес, сонымен қатар білім мен ағартушылықтың орталығы болған.

«Бұл жартас орындар халқымыздың тарихи жадын, ата-бабамыздан қалған өсиет-аманатты сақтап отыр», – деді ол.

Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміне енген өзге нысандары

Қазақстанның дүниежүзілік мұра тізіміне енген алғашқы нысаны – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Кейін тізімге Таңбалы петроглифтері мен Чанъань – Тянь-Шань дәлізі бойындағы Ұлы Жібек жолы нысандары қосылды. Сондай-ақ табиғи мұра нысандары да тіркелді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерін қамтитын «Сарыарқа», Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық қысымды шөлдері бар.

Бұл нысандардың бірқатарын Қазақстан Қытай, Қырғызстан және Түрікменстанмен бірлесіп ұсынған.

Моңғолияның да ЮНЕСКО тізімінде жеті нысаны бар

Моңғолия да биыл жазда Пусанда өткен сессия барысында жаңа мұра нысанына ие болды. ЮНЕСКО тізіміне ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығысындағы Дүүрлиг-Нарс жерлеу кешені енгізілді. Бұл ескерткіштерді Кореяның Ұлттық музейі мен моңғол археологтары 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеген.

Моңғолияның ЮНЕСКО тізіміне енген алғашқы нысаны – 2003 жылы тіркелген Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Одан кейін Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бұрхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары тізімге қосылды.

Тағы бір мұра нысанына Хангай жотасының баурайында орналасқан қола дәуірінің бұғытастары жатады. Ежелгі тұрғындар бұл тастарды діни рәсімдер мен жерлеу ғұрыптары кезінде орнатқан.

Қазақстан ЮНЕСКО-ға тағы қандай нысандарды ұсынбақ?

Мемлекет басшысы жаңа нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар әзірлеуді тапсырған. Олардың қатарында Жаркенттегі ағаш мешіт, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.

Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енгізілген. Толыққанды номинация ұсыну үшін нысан алдымен осы алдын ала тізімге енуі қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар