Тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс – Президент «Халықтық құрылыс» науқанының маңызын атады

/
Тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс – Президент «Халықтық құрылыс» науқанының маңызын атады
Ақорда

Мемлекет басшысы Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде ел алдында тұрған биік мақсаттар мен ауқымды жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Өздеріңіз білесіздер, мен жақында жариялаған халыққа Жолдауымда бұл міндеттерге жан-жақты тоқталып өттім. Елімізде келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады. Дегенмен мұны жай ғана уақытша науқан емес, нағыз «Халықтық құрылыс», яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орындау ел Президенті ретінде мен үшін бірінші қатардағы басымдық болмақ. Сондықтан «Халықтық құрылыс» барысында еліміздің барлық аймағында көптеген әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаңғыртады. Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл – «Құрылыс және тағы да құрылыс!». Себебі, меніңше, құрылыс жұмыстары, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттырудың жалғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарында келешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қалайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұмылдыру міндеті тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық ауқымдағы бұл жұмыс барлық саланың, соның ішінде спорт саласының дамуына айрықша серпін беретініне назар аударды.

– Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар