Қазақстандық балуан Зейнеп Баянова Жапонияда өткен 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Отандасымыз әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында ұйымдастырылған құрлықтық додада 23 жастағы қазақстандық спортшы бірнеше қарсыласын жеңіп, жүлдегерлер қатарына енді.
Зейнеп Баянова жарыстағы алғашқы белдесуінде Моңғолия өкілі Мунхнар Биамбасуренмен кездесіп, 8:4 есебімен басым түсті. Одан кейін ширек финалда Оңтүстік Корея балуаны Миран Чеонды 7:3 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Финалға шығу үшін өткен белдесуде отандасымыз Жапонияның атақты балуаны, Олимпиада чемпионы Юи Сусакимен күш сынасты.
Алайда бұл кездесуде жапониялық спортшы 4:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Зейнеп Баянова алтын медаль үшін таласты тоқтатқанымен, қола жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.
Үшінші орын үшін шешуші кездесуде қазақстандық балуан Үндістан өкілі Дипаншимен белдесті. Зейнеп Баянова қарсыласына бірнеше нәтижелі әдіс қолданып, 11:4 есебімен басымдық танытты. Кездесу барысында үндістандық спортшының жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңіске қол жеткізді. Нәтижесінде қазақстандық балуан Азия ойындарының қола медалін иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде салды.