Президент Жолдауындағы міндеттер еліміздің даму кезеңіндегі бағдарын нақтылай түседі – Мереке Құлкенов

/
Президент Жолдауындағы міндеттер еліміздің даму кезеңіндегі бағдарын нақтылай түседі – Мереке Құлкенов

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындап, бірқатар маңызды бастамаларды көтеріп, Үкіметке әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Жолдауда көтерілген осы бастамаларға пікір білдіріп, елдің жаңғыру үдерісіндегі әдебиет пен мәдениеттің айрықша рөліне назар аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық экономиканы қалыптастыру, мемлекеттік басқару сапасын арттыру және қоғамның рухани негіздерін нығайту мәселелері кеңінен қамтылды. Бұл міндеттер ел болашағын айқындап, Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі бағдарын нақтылай түседі.

Президенттің «Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық» деген сөзіне ерекше назар аударғым келеді. Шын мәнінде, елдің тұрақты дамуы мен ауқымды өзгерістердің нәтижелі жүзеге асуы қоғамдық келісімге, азаматтардың ортақ мақсат жолындағы ынтымағына байланысты. Бірлік – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан басты құндылығы, мемлекетіміздің тұғырын бекемдейтін күш. Әсіресе, жаһандық өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер кезеңінде өзара түсіністік пен жауапкершілікті сақтау айрықша маңызды. Осы ретте әдебиет пен мәдениеттің де қоғамды біріктірудегі рөлі зор. Сөз өнері адамды ізгілікке тәрбиелейді, ұлттың тарихи жадын сақтайды, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Сондықтан қоғамдық бірлікті нығайту ісінде руханият саласының жауапкершілігі әрдайым жоғары болуы керек.

Мемлекет басшысының азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымы да маңызды. Президент: «Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты», – деп атап өтті. Халықтың әл-ауқаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол – әр азаматтың сапалы білімге, медициналық көмекке, мәдени қызметтерге қол жеткізуі, жайлы ортада өмір сүруі және өз болашағына сеніммен қарауы. Бұл ретте кітапханалар, мәдениет үйлері, театрлар мен шығармашылық орталықтар да әлеуметтік инфрақұрылымның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуы қажет. Өйткені рухани қажеттіліктерін өтей алатын, кітап оқуға және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алған қоғамның интеллектуалдық әлеуеті артады.», – деді Мереке Құлкенов.

Оның сөзінше, Президенттің «Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды» деген тұжырымы өңірлерді кешенді дамыту қажеттігін айқын көрсетеді. Еліміздің әрбір аймағында әлеуметтік және мәдени нысандардың қолжетімді болуы – тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызды шарты. Қалалар мен ауылдар арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтып, өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып дамыту қажет. Бұл міндет әдебиет пен мәдениет саласына да тікелей қатысты.

«Аймақтардағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, баспа өнімдерінің қолжетімділігін арттыру, жас қаламгерлерге қолдау көрсету және жергілікті әдеби ортаның дамуына жағдай жасау – ұлттық руханияттың тұтас өрісін кеңейтетін маңызды қадамдар.

Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы да ерекше мәнге ие. Президенттің «Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек» деген сөзі елді мекендердің дамуында кешенді көзқарас қажет екенін аңғартады. Құрылыс пен жаңғырту жұмыстары халықтың күнделікті өміріне нақты пайда әкелуге тиіс. Бұл ретте мектептер мен ауруханалармен қатар, кітапханалар, мәдениет ошақтары, жастарға арналған шығармашылық кеңістіктер де назардан тыс қалмауы керек. Өйткені ұлттың болашағы заманауи ғимараттар салумен ғана емес, сол кеңістіктерде білімді, парасатты, мәдениеті жоғары азаматтарды тәрбиелеумен де өлшенеді.

Мемлекет басшысының көлік-логистика жүйесін дамыту, Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын заманауи теміржол және автомобиль жолдарының тұтас желісін қалыптастыру жөніндегі бастамалары да стратегиялық маңызға ие. Дамыған инфрақұрылым өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, адамдардың, идеялардың және мәдени құндылықтардың еркін алмасуына жол ашады. Қолжетімді көлік қатынасы әдеби-мәдени іс-шараларды өңірлерде ұйымдастыруға, кітап тарату жүйесін жетілдіруге, қаламгерлердің өзара байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, инфрақұрылымның дамуы елдің экономикалық өркендеуімен қатар, рухани кеңістігінің де тұтастығын нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.

Мереке Құлкенов Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуі уақыт талабынан туындаған қажеттілік екенін атап өтті

«Президент: «Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халықтық цифрлық экономика құру», – деп атап көрсетті. Бүгінде цифрлық технологиялар өндіріс пен мемлекеттік басқарудан бастап, білім беру, ғылым және мәдениет салаларына дейінгі барлық бағытқа ықпал етіп отыр. Сондықтан жаңа технологияларды тиімді пайдалану, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және инновациялық шешімдерді қоғам игілігіне бағыттау маңызды. Әдебиет саласында да цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолдануға болады. Электронды кітапханаларды дамыту, ұлттық әдеби мұраны цифрлық форматта сақтау, сирек басылымдарды қолжетімді ету, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контенттің көлемін арттыру – осы бағыттағы өзекті міндеттер. Жасанды интеллект дәуірінде ұлттық тілдің, әдебиеттің және мәдени кодтың сақталуы мен дамуына айрықша мән берілуге тиіс.

Сонымен қатар Президенттің мемлекеттік басқару сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмалары қоғамның барлық саласына ортақ жауапкершілік жүктейді. Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, басталған жобалардың сапалы орындалуы және олардың нәтижесінің халыққа нақты пайда әкелуі шешуші мәнге ие. Мемлекеттік органдардың жұмысы ашықтыққа, есептілікке және азаматтардың сұранысына жедел жауап беруге негізделгенде ғана реформалардың тиімділігі артады. Әлеуметтік-экономикалық даму мен мемлекеттік басқару сапасы өзара тығыз байланысты.

Халық санының өсуіне байланысты денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі дамыту қажеттігі де орынды көтерілген. Азаматтардың денсаулығын сақтау, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды көрсеткіші. Жалпы, адами капиталды дамыту білім беру, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениет салаларының өзара сабақтастығы арқылы жүзеге асады. Сондықтан елдің ұзақ мерзімді өркендеуін көздейтін саясатта адамның жан-жақты дамуына жағдай жасау басты назарда болуы керек», – деді ол.

Оның айтуынша, Жолдауда көтерілген қоғамдық сананы жаңғырту және «Адал азамат» қағидатын орнықтыру бастамалары да елдің рухани дамуы үшін маңызды. Бұл ретте әдебиет пен білімнің рөлі ерекше, ал жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қоғам мен экономиканың өзгерген талаптарына сай құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе – қоғам санасын жаңғырту және «Адал азамат» идеологиясын орнықтыру. Мемлекет басшысы: «Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс», – деп атап өтті. Бұл – терең мәні бар тұжырым. Қоғамның дамуы тек заңнамалық өзгерістермен немесе материалдық мүмкіндіктердің артуымен шектелмейді. Ол азаматтардың дүниетанымына, еңбекке көзқарасына, қоғамдық жауапкершілігіне және адамгершілік ұстанымдарына да байланысты. «Адал азамат» қағидаты адал еңбек ету, заңды құрметтеу, ел алдындағы жауапкершілікті сезіну, өзара құрмет пен әділдікті өмірлік ұстанымға айналдыруды көздейді. Бұл құндылықтарды қалыптастыруда отбасы тәрбиесімен қатар, білім мен әдебиеттің де орны ерекше. Көркем әдебиет адамды ойлануға, өз әрекетіне сын көзбен қарауға, өзгенің тағдырына түсіністікпен қарауға үйретеді. Сондықтан оқырман мәдениетін қалыптастыру мен кітап оқуды насихаттау – саналы әрі жауапты қоғам құрудың маңызды тетіктерінің бірі.

Мемлекет басшысының «болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет» деп санауы экономиканың жаңа талаптарына құқықтық тұрғыдан бейімделу қажеттігін көрсетеді. Мемлекет басшысы қолданыстағы кодекстің тарихи міндетін атқарғанын айта отырып, «болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет» деген ұстаным білдірді. Қоғам мен экономика түбегейлі өзгерген жағдайда заңнаманың да заман талабына сай жетілдірілуі заңды. Жаңа құқықтық нормалар кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Бұл ретте реформалардың нәтижелі болуы заңның сапасымен қатар, оны бірізді әрі әділ қолдануға да байланысты.

Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалардың барлығы өзара сабақтасып, ел дамуының экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және рухани бағыттарын тұтас қамтиды. Қуатты мемлекет құру үшін заманауи инфрақұрылым, тиімді басқару, дамыған экономика қажет. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарға сүйенген сана, жоғары мәдениет, білімге құштарлық және қоғамдық жауапкершілік те маңызды.

Қазақстан Жазушылар одағы үшін ұлттық әдебиетті дамыту, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, жас қаламгерлерге қолдау көрсету және қоғамда кітап оқу мәдениетін орнықтыру – осы ортақ міндеттермен үндесетін басым бағыттар. Әдебиет елдің рухани шежіресін жасайды, халықтың тарихи жадын сақтайды, қоғамдық ойдың дамуына ықпал етеді. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен рухани жаңғыру қатар жүргенде ғана ел дамуының іргетасы берік болады.

Біздің ортақ міндетіміз – Жолдауда айқындалған мақсаттардың жүзеге асуына өз саламыздың мүмкіндіктері арқылы үлес қосу. Мемлекет пен қоғамның, билік пен азаматтардың өзара сенімі мен ынтымақтастығы нығайған жағдайда ғана алға қойылған міндеттер нақты нәтижеге айналады. Елдің болашағы үшін атқарылатын әрбір іс халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, ұлттық руханиятты өркендетуге және келер ұрпаққа кемел мемлекет қалдыруға бағытталуы керек», – деді Мереке Құлкенов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар