Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін К-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2021 жылғы маусымда К. Астана қаласында жылжымалы мүлікті кепілге қою арқылы ақшалай қарыз беретін пунктті тіркеп, ашқан. Алайда ол микрокредиттік қызметті міндетті лицензиясыз жүзеге асырған.
Қызметіне заңды сипат беру мақсатында клиенттермен комиссия шарттары жасалған. Алайда іс жүзінде мүлікті кепілге қою арқылы күніне 0,2%-дан 0,8%-ға дейін пайыз есептей отырып, қарыз берілген. Төлем мерзімі өткен жағдайда пайыздық мөлшерлемелер екі есе ұлғайтылған.
Операцияларды есепке алу үшін «Smart Lombard» ақпараттық жүйесі пайдаланылған. К. лицензия алу үшін өтініш бермеген.
Кәсіпкердің банктік шоттары бойынша қаражаттың жалпы түсімі 339 млн теңгеден асқан. Заңсыз алынған табыс 82,9 млн теңгені құраған.
К. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген және іс бойынша мән-жайлар мен заңсыз алынған табыс сомасына дау айтпаған.
Қорғаушы соттан жаза тағайындау кезінде осы мән-жайларды ескеруді сұраған.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, кінәсін мойындауы мен өкінуін, сондай-ақ заңсыз алынған табыстың өтелмегенін ескерген.
К.-ға мүлкін тәркілей отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы 2026 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жаза мерзімі екі есе қысқартылды. Түпкілікті жаза 1 жыл бас бостандығынан айыруды құрады.
Сонымен қатар сотталғанның банктік шоттарындағы жалпы сомасы 3 293 117 теңге ақша қаражаты тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.