Ақтөбе облысында әлеуметтік желілер арқылы оңай жолмен табыс табуға уәде берген алаяқтардың әрекетінен бірнеше тұрғын зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар алтын бұйымдарды қайта сату бизнесіне инвестиция салуды ұсынып, салған қаражатты екі еселеуге уәде берген. Полицияның тұрақты ескертулеріне қарамастан, тұрғындар интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, жинаған ақшасынан айырылуда. Қаскөйлер әлеуметтік желілерде жалған жарнамалар жариялап, жоғары табысқа кенелгісі келетін азаматтардың сеніміне кіреді.
Мәселен, 33 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны алаяқтардың шотына 1,5 миллион теңге аударған. Ал тағы бір қала тұрғыны "алтын" дивидендтер туралы уәдеге сеніп, 1 миллион 650 мың теңгесінен айырылған.
Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатып, әлеуметтік желілердегі парақшаларын жойған. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша "Алаяқтық" бабы аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарды қаржылық операциялар кезінде сақ болуға шақырады. Полицияның негізгі ескертулері:
- Қысқа мерзімде салған қаражатты екі еселеуге кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіз.
- Алтын бұйымдарды, криптовалютаны немесе акцияларды қайта сатудан жоғары пайда табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстардан сақ болыңыз.
- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген инвестициялық ұсыныстардың шынайылығын тексермей, ақша аудармаңыз.
Есте сақтаңыз: жоғары табысқа кепілдік беріп, қысқа мерзімде байып кетуге уәде беру – алаяқтықтың кең таралған белгілерінің бірі.