Петропавлда салынып жатқан футбол манежінің шатырынан құлаған 24 жастағы жұмысшы көз жұмды. Ер адам 16 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға қаладағы стадиондардың бірінде болған. Мұнда жас спортшыларға арналған жабық футбол манежінің құрылысы аяқталуға жақын қалған. Ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалдв. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиеваның айтуынша, науқастың ішкі ағзалары мен бас сүйегі ауыр жарақаттанған.
«Науқасқа жіңішке ішектің жарақатына байланысты ота жасалды. Сондай-ақ нейрохирургтер тексерді. Науқастың бас сүйегі мен миы ауыр дәрежеде жараланған. Миы қатты зақымданған, бет сүйектерінің бірнеше жері сынған. Өкінішке қарай, мұндай ауыр жарақат алған науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деді Гүлнар Қалиева.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік еңбек инспекторы да тексеруді бастады.
Тексеру барысында марқұмның құрылыс нысанында қандай жұмыс атқарғаны және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталған-сақталмағаны анықталады.