Абай облысында сегіз қылмыстық топ анықталып, өткен жылдардағы бес мал ұрлығы ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абай облысында "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Екі күн ішінде полицейлер 100-ден астам автокөлікті, мал мен ет өнімдерін сататын 28 нысанды, сондай-ақ 76 шаруа қожалығын, ферманы және шалғайдағы мал шаруашылығы нысандарын тексерді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, жануарларды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау және ұрланған малды өткізуі мүмкін арналарды анықтау.
Жыл басынан бері өңірде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 31 адам ұсталып, сегіз қылмыстық топ анықталды. Сонымен қатар мал ұрлығы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 56,4%-дан 70,8%-ға дейін өсті. Жарма, Абай және Бесқарағай аудандарында топ болып мал ұрлады деген күдікке ілінген азаматтар анықталды. Қазіргі уақытта олардың басқа да ұрлықтарға, соның ішінде жәбірленушілер бұрын полицияға хабарламаған оқиғаларға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Сондай-ақ өткен жылдардағы мал ұрлығының бес дерегі ашылып, аталған істер бойынша тергеу аяқталды. Ауыл тұрғындары үшін малдан айырылу көбіне негізгі табыс көзінен айырылумен тең. Сондықтан полиция қызметкерлері қылмыстарды ашумен қатар, мал ұрлығына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға да басымдық беріп отыр.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тәркіленген малды уақытша ұстауға арналған 131 мамандандырылған қораның жұмысы қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзудың 2 487 дерегі және ветеринариялық талаптарды бұзудың 339 дерегі анықталды.
Полиция мал иелерін жануарларын тұрақты бақылауда ұстауға және мал жоғалған жағдайда дереу "102" нөміріне хабарлауға шақырады. Уақытылы хабарлау іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға және малды алып кетудің ықтимал бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.