Алматыда 17 мыңнан астам бала мен жасөспірімге психиатриялық кеңес берілді

/
Алматыда 17 мыңнан астам бала мен жасөспірімге психиатриялық кеңес берілді
istockphoto.com

Кейінгі тоғыз айда Алматыда амбулаториялық психиатриялық көмекке 12 756 адам жүгініп, 5 355 онлайн-консультация өткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында мамандар психикалық бұзылыстарды ерте анықтау және көмекке мұқтаж адамдарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Биыл Алматыдағы ересектерге арналған амбулаториялық қызмет аясында психиатрлар мен психотерапевтер 44 666 адамға консультация өткізген. Бұл көрсеткішке пациенттердің үйіне барып көрсетілген медициналық көмек те кіреді.

Алматының штаттан тыс бас психиатры, Қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Наби Есімовтің айтуынша, тұрғындарға қажетті көмекті уақытылы әрі тұрғылықты жеріне жақын жерден алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін амбулаториялық және қашықтан қызмет көрсету түрлері дамып келеді.

«Адамға бағдарланған ДДҰ белгілеген замандық тәсіл сауығуға бағытталған психиатриялық көмекті дамытуды көздейді. Бұл ретте пациенттер мен олардың үй-ішінің пікірі маңызды рөл атқарады. Ол кері байланыс көзі ғана емес, қызметті жетілдіретін фактордың бірі. Алматы үшін бұл көмекті тұрғылықты жері бойынша одан әрі дамыту, бұзылысты ерте анықтау, психологиялық және психиатриялық қолдау көрсету, медициналық оңалту мен пациенттің әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету деген сөз», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету психикалық және мінез-құлық бұзылысының алғашқы белгісіне назар аударудан басталады. Алматының штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрованың сөзінше, ерте анықтау балаға уақытында көмек көрсетіп, оның жағдайының нашарлауына жол бермеуге көбірек мүмкіндік береді.

Спикердің мәліметінше, 9 ай ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған психиатриялық қызметте пациенттердің үйіне барғанды қоса алғанда, 17 303  консультация тіркелген. 443 бала мен жасөспірім алғаш рет динамикалық бақылауға алынған.

Аутизм спектрі бұзылысын ерте анықтау үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында M-CHAT скринингі енгізілді. Психикалық денсаулық орталығы мектептермен де өзара жұмыс істейді, дағдарыстық жағдайларда балаларды тиісті мамандарға бағыттау жүйесін жетілдіріп, балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқытып жатыр. Маусым айында mhGAP бағдарламасы бойынша 201 маман даярланды.

«Бала үшін уақытылы көрсетілген көмек – уақытша қиындықтың немесе аурудың оның бүкіл болашақ өмірін айқындап кетуіне жол бермеу мүмкіндігі. ДДҰ-ның 2026 жылғы Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне арналған “Тыңдалған жеке тәжірибеден нақты өзгерістерге дейін” тәсілі балалар психиатриясы үшін аса өзекті. Көмек көрсету жүйесі медициналық диагнозды ғана емес, баланың нақты өмірін, оның отбасын, білім беру ортасы мен әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін де ескеруі тиіс», – дейді Ольга Александрова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары