«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Алмат Әбдікешов азаматтардың өтініштері мен мәселелерін тыңдап, жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Онда Астана мен еліміздегі бірқатар өңірдің тұрғындары банк алдындағы кредиттік берешекті реттеу, зейнетақы төлемдерінен берешекті өндіріп алу және тұрғын үйді сақтап қалу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ өндірістік жарақат пен кәсіби ауруларға байланысты денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу тәртібіне қатысты өтініштер де қаралды.
Ақмола облысының тұрғыны пәтерін сақтап қалуға және банк алдындағы берешегін реттеуге көмек сұрай келген.
«Зейнет жасына жеттім, қазір қаржылық жағдайым да оңай емес. Банк алдындағы берешегімді реттеп, пәтерімді сақтап қалуға көмектессеңіздер екен. Ең бастысы – қарыз мәселесін шешіп, баспанамнан айырылмаудың жолын тапқым келеді», – деді ол.
Өз кезегінде депутат зейнеткердің бұл мәселесін шешудің жолдарын айқындауға көмектесетінін жеткізді.
«Өтінішіңізді жан-жақты қарастырып, жағдайдың мән-жайын анықтаймыз. Қолданыстағы заңнама аясында қандай көмек көрсетуге болатынын зерделеп, әрі қарай қандай қадамдар жасау керегін айқындаймыз», – деді депутат.
Тағы бір тұрғынның өтініші Ішкі істер министрлігі академиясында оқыған ұлының қайта оқуға қабылдауға қатысты болды. Оның анасының айтуынша, ұлы бұған дейін академияда білім алған, алайда анасының денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмаған. Қазір отбасы оны қайта оқуға қабылдау тәртібін және қысқы каникул кезеңінде оқуын жалғастыру мүмкіндігін анықтауға көмек сұрады.
Әйелдің өтінішін тыңдаған Алмат Әбдікешов оқудан шығарылу мән-жайын, оны растайтын құжаттардың бар-жоғын және қайта қабылдау тәртібін нақтылады. Сонымен қатар депутат академия басшылығына хат жолдап, отбасы мен оқу орны арасында байланыс орнататынын жеткізді.
«Жағдайды бірге зерделеп, қолданыстағы ережелерде қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын анықтайық. Мен хат жолдап, академия басшылығына сіздің байланыс деректеріңізді беремін. Осылайша, алдағы әрекеттерді тікелей талқылай аласыздар. Бұл мәселені кезең-кезеңімен пысықтау қажет деп ойлаймын», – деді депутат.
Өтініш беруші әйел бұл мәселенің отбасы үшін неліктен маңызды екенін түсіндірді.
«Ұлымды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Отадан кейін жағдайым ауыр болды. Сол кезде ол мен үшін қатты алаңдады. Қазір оның қайтадан оқуына оралғанын қалаймын. Академияға бұған дейін де жүгіндім, бірақ әзірге нақты жауап ала алмадым», – деді ол.
Сонымен қатар қабылдауда Қостанай облысы тұрғынының табиғатты қорғау мәртебесі бар аумақта орналасқан жер учаскесін жекешелендіру мәселесі де қаралды. Депутат алдымен жер учаскесінің құқықтық мәртебесін нақтылап, мәселені заң аясында шешудің қандай жолдары бар екенін анықтауды ұсынды.
«Тиісті түсіндірме алып, заңнамада қандай шешімдерге жол берілетінін анықтау үшін бейінді комитетке сауал жолдаймын. Ықтимал әрекет тәртібін айқындағаннан кейін жұмысты жалғастырып, қажет болған жағдайда облыс әкімдігіне де жүгіне аламыз. Байланыста боламыз», – деді Алмат Әбдікешов.
Қабылдау қорытындысы бойынша қосымша пысықтауды қажет ететін өтініштер тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жолданбақ.
Алмат Әбдікешов азаматтардың өтініштерін жан-жақты қарастырып, олармен тұрақты кері байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
«Мұндай жағдайларда мәселені тіркеумен шектелмей, оны шешу үшін қандай қадамдар жасауға болатынын, оған қай органдардың қатысуы керектігін және қандай құжаттар қажет екенін анықтау маңызды», – деді депутат.
Еске сала кетейік, «Әділет» партиясы ұйымдастыратын мұндай қоғамдық қабылдаудың мақсаты – азаматтардың өтініштерін қарау, оларға консультативтік-құқықтық көмек көрсету және тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуын талап ететін мәселелер бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындау.