Қостанай облысында мас күйінде көлік басқаруға байланысты екі ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңірлік соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Бейімбет Майлин ауданында екі әкімшілік іс қаралған. Е. есімді азамат Chevrolet Nexia автокөлігін басқару құқығын К. есімді азаматқа бергені үшін сотқа тартылды.
Ал К. көлікті алкогольдік мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылған.
"Красносельское ауылында Е. өзіне тиесілі автокөлікті алкогольдік мас күйінде болған К.-ға басқаруға берген. Сот отырысында Е. кінәсін мойындамай, К.-ның мас болғанын білмегенін түсіндірді", – делінген сот хабарламасында.
Алайда сот көлік иесінің жүргізушінің мас болғанын білмедім деген уәжін негізсіз деп таныған.
Соттың түсіндіруінше, автокөлік иесі көлік басқару құқығын басқа адамға бермес бұрын оның алкогольдік мас күйінде емес екеніне көз жеткізуге міндетті.
Нәтижесінде екі ер адам да кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.