11 қазанда Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер пайдаланатын «Яндекс» сервистерінде ақау пайда болды. Компания өкілдері қызметтердің уақытша қолжетімсіз екенін растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Яндекс Go» баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта техникалық мамандар сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Алайда қызметтердің нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Компания өкілдері туындаған қолайсыздық үшін қолданушылардан, жүргізушілер мен курьерлерден кешірім сұрады. Сондай-ақ сервистерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге күш салып жатқанын жеткізді.
Компания Қазақстан аумағында қолданыстағы заңнама талаптарын сақтайтынын да атап өтті. Мәлімдемеге сәйкес, қазақстандық қолданушылардың жеке деректері ел аумағындағы серверлерде және Қазақстан заңнамасына сай қорғалуын қамтамасыз ететін юрисдикцияда сақталады.
Сонымен қатар цифрлық сервистердің жұмысы бірнеше елде орналасқан серверлерді біріктіретін есептеу инфрақұрылымына тәуелді. Осыған байланысты шетелдегі серверлердің бірінде ақау туындаса, ол бірнеше мемлекеттегі қызметтердің жұмысына әсер етуі мүмкін.
«Яндекс Go» сервистердің жұмысы толық қалпына келгені туралы қолданушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми арналары арқылы хабарлайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің бірқатар қаласында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте «Яндекс» сервистерінің жұмысында ақаулар болғаны хабарланған. Сондай-ақ Беларусь пен Арменияда да қосымша жұмысына қатысты мәселелер тіркелген.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ұшқышсыз ұшу аппараттары Владимир қаласындағы, Рязань облысындағы және Калугадағы «Яндекс» деректер орталықтарының инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Алайда Қазақстандағы ақаудың осы оқиғалармен тікелей байланысты екені компания мәлімдемесінде нақтыланбаған.