Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер арасындағы ірі халықаралық байқаулардың біріне айналды. Биыл елордада өтіп жатқан фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс түскен. Олардың жалпы хронометражы 100 мың минуттан асады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Фестивальдің жүлде қоры – 1 млн доллар. Оның 750 мыңы негізгі тақырыптық бағдарламаға, тағы 250 мыңы ашық секциядағы бес номинацияға бөлінеді. Сонымен қатар әлеуеті жоғары AI-командаларға инвестиция ретінде тағы 1 млн доллар қарастырылған. Бұл туралы фестиваль ұйымдастырушылары Астанада өткен брифингте мәлімдеді.
Фестивальге АҚШ, Қазақстан, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің авторлары қатысып отыр. Өтінімдердің 3 138-і «The Future Worth Living In» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған. Қалған 4 929 жұмыс ашық конкурсқа ұсынылған.

Фестиваль тең құрылтайшысы әрі басқарма төрағасы Алмас Жали қазақстандық креаторлардың халықаралық қатысушылардан кем түспейтінін атап өтті.
«Бізге қатысушылардан 8 мың AI-фильм келіп түсті. Қазірге дейін 859 фильм көрдік, деңгейлері өте жақсы. Қазақстандық креаторлардың идеясы АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінің креаторларынан кем емес. Еліміздің екі креаторы жеңеді деп үміттенеміз. Барлығы идеяға байланысты», – деді ол.
Оның айтуынша, фестивальге ұсынылатын фильмдердің ұзақтығы 1-10 минут аралығында болуы керек. Алайда жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты алдағы бірнеше жылда толықметражды AI-фильмдер де пайда болуы мүмкін.
«Біздің фестивальда фильмге қойылатын талап он минутқа дейін болуға тиіс. Платформалардың дамуымен бір жарым сағаттық AI-фильмдер алдағы 2-3 жылда мүмкін деп ойлаймын. Болашақта AI-фильмдер дәстүрлі фильмдерді алмастырады деген болжам бар. Қазірдің өзінде кейбір фильмдерді ажырату мүмкін емес. Кейінгі 3 жылда отандық фильмдер қатты дамыды. Кинотеатрға барсаңыздар 80-90 пайызы қазақстандық фильмдер. Идеяларымыз өте жақсы, енді іске асыру үшін Seedance секілді мықты AI-инструменттер керек», – деді дейді Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы және кеңес төрағасы Алмас Жали.
Фестиваль ұйымдастырушыларының мәліметінше, байқауға жас режиссерлер мен тәуелсіз командалармен қатар халықаралық AI-креатив индустриясының өкілдері де қатысып отыр. Байқау жұмысы жанр, драматургия, визуалды тіл және кинематографиялық әлем құру тәсілдерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді.
AI-фильмдер әлемдік киноиндустрия, технология, жасанды интеллект және инвестиция салаларының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасының бағалауынан өтеді. Сондай-ақ барлық жұмыс плагиатқа тексеріледі.
Айта кетейік, Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында Астанада Digital Bridge халықаралық форумы аясында өтеді. Биыл алғаш рет финалистердің AI-фильмдері Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрсетілмек. Жеңімпаздар 3 қазанда белгілі болады.