Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде министр осы шешімді көпшіліктің алдында жариялаудың себебін де түсіндірді.
"Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы", - деп жазды Әлназарова.
Осы орайда министр нақты статистиканы да көрсетті. Бүгінде Қазақстанда шамамен 184 мың адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз келісімін eGov арқылы тіркеп қойған. Олардың саны артып келеді.
Ал донорды күтіп жатқандардың саны 5 мың адамға жақындап қалды. Басым бөлігіне бүйрек керек.
бүйректі трансплантаттау – 4 311 адам;
жүректі трансплантаттау – 212 адам;
бауыр трансплантаттау – 314 адам;
өкпе трансплантаттау – 30 адам.