Ақмола облысының Зеренді ауданында аңшылық кезінде қайғылы жағдай болды. Аңшы мылтығынан атылған оқ салдарынан 64 жастағы ер адам қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын. Көкшетау қаласына жақын орналасқан Қызылтаң ауылының маңындағы «Көкшетауское» және «Туполевское» аңшылық шаруашылықтарының аумағында алты адамнан тұратын топ болған.
Ақмола облысының полиция департаменті баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде оқиға фактісін растады.
«Алдын ала анықталғандай, биыл 6 қыркүйекте Зеренді ауданының аумағында аңшылық кезінде Көкшетау қаласының тұрғынына тиесілі аңшы мылтығынан абайсызда оқ атылған. Оқ тиіп, 64 жастағы ер адам жарақат алған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты», — деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу аясында анықталуда.