«Таза Қазақстан»: Абай облысында 9 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

/
«Таза Қазақстан»: Абай облысында 9 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
polisia.kz

Абай облысында аумақтардың санитариялық жағдайын жақсартуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері облыс аумағында санитариялық тазалық пен абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда қоғамдық орындарға, аулаларға, көшелерге және тұрғындардың жаппай демалатын аумақтарына ерекше назар аударылуда.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9320 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 820 дерегі, елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 8500 фактісі бар. Бұл құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алуда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары да маңызды рөл атқаруда. Камералар арқылы қоғамдық орындардағы жағдай тұрақты бақылауда болып, құқық бұзушылықтардың дер кезінде анықталуына мүмкіндік берілуде.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

 

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары