Күн сайын тәтті сусын ішу асқазан обыры қаупін 145% арттыруы мүмкін – ғалымдар

/
Күн сайын тәтті сусын ішу асқазан обыры қаупін 145% арттыруы мүмкін – ғалымдар
ашық дереккөзден

Қант қосылған сусындарды күнделікті тұтыну асқазан обырының даму қаупін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Бұл туралы turkystan.kz тілшісі SciTechDaily басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Зерттеу нәтижелері Gastro Hep Advances ғылыми журналында жарияланған.

Mass General Brigham онкологиялық институтының мамандары ұзақ жылдар бойы бақылауда болған 112 284 адамның деректерін зерттеген. Ғалымдар қатысушылардың тамақтану әдетін, өмір салтын және денсаулық жағдайын бірнеше онжылдық бойы бақылаған.

Зерттеу барысында 278 адамға асқазан обыры диагнозы қойылған.

Талдау нәтижесіне сәйкес, тәулігіне кемінде бір порция қант қосылған сусын ішетін адамдарда асқазан обырының даму ықтималдығы мұндай сусындарды айына бір реттен де сирек тұтынатындармен салыстырғанда 2,45 есе жоғары болған. Яғни қауіп шамамен 145%-ға артқан.

Ғалымдар фруктозаны көп мөлшерде тұтыну мен ауру қаупінің жоғарылауы арасында да байланыс байқаған. Ал жасанды тәттілендіргіш қосылған төмен калориялы сусындардан мұндай әсер анықталмаған.

«Бұл – АҚШ тұрғындары арасында қант қосылған сусындарды тұтыну мен асқазан обыры арасындағы байланысты көрсеткен алғашқы зерттеу. Асқазан обыры әлемде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің ішінде бесінші орында. Алайда диетаның бұл аурудың дамуына қалай ықпал ететіні туралы мәліметіміз аз», – деді зерттеудің аға авторы, гастроэнтеролог әрі эпидемиолог Эндрю Т. Чан.

Зерттеуде қант қосылған сусындарға газдалған сусындар, пунш, лимонад және спорттық сусындар енгізілген. Ал жасанды тәттілендіргіші бар сусындар санатына калориясы төмен газдалған сусындар жатқызылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары