"Жақының жатқа айналады": Роза Әлқожа жан сырын ақтарды

/
"Жақының жатқа айналады": Роза Әлқожа жан сырын ақтарды
instagram.com/roza_alqozha

Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында адамға сену, жақындардың алыстауы және өмірдегі өзгерістер туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі бұрынғы мінезін еске алып, уақыт өте келе адамның өз болмысынан алыстап кетуі мүмкін екенін жазды.

"Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық, қайсар емес пе еді?!" – деді әнші.

Роза Әлқожаның айтуынша, бір адамға шектен тыс сенім арту кейде өз пікірің мен болмысыңнан айырылуға әкелуі мүмкін.

"Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп өз ойы болмайды. Жалпы, өмірде өзіңе ғана сену керек екенін енді ұғындық. Сенім – үлкен қару", – деп жазды ол.

Әнші сондай-ақ бұрын жақын болған адамның бір күні жатқа айналуы немесе керісінше, дұшпанның дос болуы мүмкін екенін өмірдің өзі көрсететінін жеткізді.

"Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, Құдай шешсе, құл көнеді екен", – деді өнер иесі.

Роза Әлқожа адамдар арасындағы қарым-қатынас ниет пен пейілге қарай өзгеретінін де атап өтті. Оның сөзінше, ешкім басқа адамды толық таныдым деп айта алмайды.

"Мені өзімнен артық біледі" дегеннің бәрі өтірік. Ешкім ешкімді білмейді. Тек мақсатына қарай ой салады, бағыттайды. Немесе пайдаланады", – деп жазды әнші.

Өнер иесі адамның жанында жүргенімен қолдау көрсетпейтін жаннан гөрі, алыста жүріп тілеулес болатын адамның қадірі жоғары екенін айтты.

"Жаныңда жүріп сені жамандыққа итермелеген жаннан гөрі, алыстағы тілеулес артық. Қасыңда жүріп қамқор болмай, қамытыңның ауырлығына күліп отырған кісі баласынан қайыр күтпе", – деп түйіндеді Роза Әлқожа.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары