Телефоныңызға қысқа уақытта көп SMS келсе, алаяқтар болуы мүмкін – полиция ескерту жасады

/
Телефоныңызға қысқа уақытта көп SMS келсе, алаяқтар болуы мүмкін – полиция ескерту жасады
Фото: polisia.kz

Абай облысының полицейлері азаматтарға телефон нөміріне жаппай SMS-хабарламалар келетін «СМС-бомбинг» жағдайында сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертті.

СМС-бомбинг кезінде телефонға қысқа уақыт ішінде көптеген хабарлама келуі мүмкін. Олардың арасында әртүрлі сервистерге тіркелу туралы хабарламалар, жарнамалық ұсыныстар және кіруді растау кодтары болуы ықтимал, - делінген ақпаратта.

Осындай жағдайда алаяқтар телефон арқылы өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Ол жаппай SMS-шабуылды анықтағанын хабарлап, абонентке «антиспам» қызметін қосуды ұсынып, келген SMS-кодты айтуды сұрауы мүмкін. 

SMS арқылы келген растау кодын басқа адамдарға бермеңіз. Мұндай кодтар аккаунтқа кіруді немесе белгілі бір операцияны растау үшін пайдаланылуы мүмкін. Егер телефонға қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде хабарлама келсе сабыр сақтап, келген кодтарды ешкімге хабарламаңыз. Қажет болған жағдайда телефонды уақытша авиарежимге ауыстырыңыз. Мобильді байланыс операторына хабарласып, жағдай туралы ақпарат беріңіз, - делінген хабарламада. 

Егер SMS-код бөгде адамға айтылып қойса, тиісті сервиске, банкке немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарласқаныңыз жөн. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары