Сарапшылардың депутат атануы кәсіби білім мен мемлекеттік басқару сабақтастығын көрсетеді – Айгерім Қазақпаева

Сарапшылардың депутат атануы кәсіби білім мен мемлекеттік басқару сабақтастығын көрсетеді – Айгерім Қазақпаева

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің ауқымы артқан сайын мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетіне қойылатын талап та өзгереді. Жаңа институционалдық орта, цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің дамуы және қоғамның мемлекетке деген сұранысының өсуі мемлекеттік қызметшінің кәсіби бейініне жаңа көзқарасты қалыптастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгін Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның билік жүйесін түбегейлі жаңғыртып, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін беретінін атап өтті. Бұл ой институционалдық өзгерістердің тағы бір маңызды қырына – оларды іске асыратын мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетіне назар аударуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің кәсібилігі белгілі бір лауазымға қойылатын біліктілік талаптарымен ғана өлшенбейді. Мемлекеттік аппарат түрлі салалар мен мамандықтардың өкілдерін біріктіреді. Сондықтан кәсіби мемлекеттік қызметші, ең алдымен, өз функционалдық бағытын терең меңгерген маман болуы керек. Заңгердің кәсіби деңгейі құқықтық талдаудың сапасынан, экономистің біліктілігі экономикалық есептеулер мен болжамдардың негізділігінен, салалық маманның кәсібилігі өз бағыты бойынша терең сараптамалық білімінен, ал талдаушының құзыреті деректерді зерделеп, олардан негізделген қорытынды шығара білуінен көрінеді.

Әртүрлі кәсіби бағыттарды біріктіретін ортақ талап – мемлекеттік функцияларды сапалы орындау және кәсіби білімді мемлекеттік міндеттермен ұштастыра білу. Сондықтан кәсібилендіру үздіксіз кәсіби ізденісті, білімді жаңартуды және өзгеріп отырған міндеттерге сәйкес құзыреттерді жетілдіруді қамтиды.

Мемлекеттік қызметтің кәсібилігі оның құндылықтық негізімен де тығыз байланысты. Мемлекеттік өкілеттікті жүзеге асыратын тұлға үшін адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет кәсіби мәдениеттің ажырамас бөлігі болуы қажет. Осы тұрғыдан «Адал азамат» қағидаты мемлекеттік қызметшінің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінуімен, адал еңбек етуімен және қоғамдық игілікке бағдарлануымен сабақтасады. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік өкілеттікті заң шеңберінде және жауапкершілікпен жүзеге асыру талабын күшейтеді.

Бұл жерде кәсіби этиканың мәні де айқындала түседі. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейі оның қаншалықты көп білетінімен ғана емес, сол білімін қандай мақсатта және қандай қағидаттарға сүйене отырып қолданатынымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан кәсіби құзырет пен адалдық мемлекеттік қызметтің өзара сабақтас екі негізі ретінде қарастырылуы орынды.

Кәсібилендірудің мазмұнына елеулі ықпал етіп отырған тағы бір фактор – цифрлық трансформация және жасанды интеллект. Мемлекеттік қызметші үшін цифрлық құзыреттілік ақпараттық жүйелерді пайдалана білумен шектелмейді. Деректердің сапасын бағалау, ақпаратты сыни тұрғыдан талдау, технологиялардың мүмкіндіктері мен шектеулерін түсіну және жасанды интеллект ұсынған нәтижелерді кәсіби тұрғыдан саралау барған сайын маңызды бола түсуде.

Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу мен талдауды жеделдетіп, мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілдерін өзгерте алады. Алайда мәселені дұрыс қою, алынған нәтижені бағалау, тәуекелдерді ескеру және түпкілікті шешім үшін жауапкершілік адамның кәсіби пайымына байланысты болып қала береді. Сондықтан технологиялық өзгерістер мемлекеттік қызметшінің рөлін алмастырмайды, керісінше оның кәсіби жауапкершілігінің мазмұнын кеңейтеді.

Бұл өзгерістер кәсіби дамуға да жаңа көзқарасты талап етеді. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби дамуы қызметтік жолының белгілі бір кезеңімен шектелмей, үздіксіз сипат алуы тиіс. Кәсіби оқыту салалық білімді жаңартумен қатар, аналитикалық ойлауды, цифрлық құзыреттерді, жаңа технологияларды қолдануды, өзгерістерге бейімделуді және мемлекеттік қызмет құндылықтарын нығайтуды қамтуы қажет. Бұл ретте кәсіби дамудың нәтижесін бағалауға да жаңа көзқарас қажет. Оқытуға қамтылған қызметшілердің саны маңызды көрсеткіш болғанымен, ол кәсібилендірудің мазмұнын толық ашпайды. Кәсіби құзыреттердің даму деңгейі, жаңа міндеттерді орындауға дайындық және өзгермелі ортада кәсіби әлеуетті тұрақты жаңарту мүмкіндігі анағұрлым маңызды өлшемдерге айналады.

Осылайша, мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің жаңа кезеңі кәсіби білім мен құзыретті, адалдық пен жауапкершілікті, заң мен тәртіп қағидаттарын ұстануды және цифрлық өзгерістерге бейімделу қабілетін біртұтас жүйе ретінде қарастыруды талап етеді. Бүгінгі кәсіби мемлекеттік қызметші – өз саласын терең меңгерген, қоғамдық мүддені басшылыққа алатын, заң талаптары мен кәсіби этика нормаларын сақтайтын, өзгермелі ортада білімін үздіксіз жетілдіруге дайын маман.

Осы міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының орны ерекше. Академия мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін арттырумен шектелмей, олардың көшбасшылық әлеуетін, стратегиялық ойлауын, өзгерістерді басқару қабілетін дамытуға және заманауи мемлекеттік басқару талаптарына бейімделуіне бағытталған білім беру ортасын қалыптастырып келеді.

Бұл ретте Академияның профессор-оқытушылар құрамы – мемлекеттік басқару саласындағы теория мен практиканы сабақтастыратын маңызды кәсіби орта. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, құқық, экономика, саясаттану және басқа да салалардың білікті мамандары бар. Олар дәріс оқып қана қоймай, мемлекеттік қызметшілермен тәжірибесімен бөлісіп, нақты кейстерді талдап, шешім қабылдау мәдениеті мен көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға үлес қосады. Яғни Академия аудиториясында жинақталған кәсіби тәжірибе жаңа буын мемлекеттік қызметшілерінің құзыретін арттырудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Осы еңбектің қоғам үшін маңызын Құрылтайдың алғашқы шақырылымының сапалы құрамынан да көруге болады. Академияда дәріс оқып, мемлекеттік қызметшілер мен жаңа буын көшбасшыларын даярлауға үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар – Үнзила Шапақ, Елена Смышляева, Дархан Ахмадиев, Юлия Кучинская және Нұргүл Тау – Құрылтай депутаты атанды. Сонымен қатар Академияның өңірлік филиалдарында дәріс беріп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына үлес қосып жүрген сарапшылардың да депутаттар қатарынан табылуы – кәсіби білім мен мемлекеттік басқару практикасының өзара сабақтастығын көрсетеді.

Бұл – Академия қабырғасында білім беріп жүрген мамандардың кәсіби әлеуетіне берілген жоғары бағаның ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесіне білім, тәжірибе және сарапшылық ойдың қаншалықты қажет екенін көрсететін маңызды белгі. Білікті мемлекеттік қызметші қалыптастыру үшін заманауи білімнің өзі жеткіліксіз. Оны тәжірибемен ұштастырып, нақты басқару міндеттерін шешуге бейімдей алатын кәсіби орта қажет.

Сондықтан мемлекеттік қызметті кәсібилендіруді кадр даярлаудың жекелеген бағыты ретінде емес, мемлекеттік басқарудың адами капиталын дамытатын ұзақ мерзімді стратегиялық үдеріс ретінде қарастырған жөн. Мемлекеттік аппараттың жаңару қарқыны институционалдық өзгерістерге бейімделу жылдамдығымен ғана емес, сол өзгерістерді жүзеге асыратын адамдардың кәсіби сапасымен де айқындалады. Ал сапалы адами капиталды қалыптастыру – мемлекеттің тұрақты дамуының басты шарттарының бірі.

Айгерім Қазақпаева, ҚР Прeзидeнтінің жaнындaғы Мeмлeкeттік бaсқaру aкaдeмиясы Кәсіби даму институтының директоры

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары