«Burkit Team» жауынгері халықаралық турнирде жеңіске жетті

/
«Burkit Team» жауынгері халықаралық турнирде жеңіске жетті
Ұлттық ұлан

27 тамызда Өскемен қаласында Steppe Warriors промоушенінің аралас жекпе-жектен халықаралық турнирі аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» командасының жауынгері Манарбек Әсембайдың қатысуымен тартысты жекпе-жек өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның қарсыласы «TXT» командасының өкілі Сұлтан Бейсов болды. Жекпе-жек алғашқы минуттардан-ақ тартысты әрі ымырасыз сипат алды. Алайда екінші раундта ұландық кездесу барысын өз пайдасына өзгерте алды.

Манарбек Әсембай қарсыласына бірнеше жойқын соққы жасаған сәтте төреші жекпе-жекті тоқтатып, «Burkit Team» жауынгерінің техникалық нокаутпен (TKO) жеңіске жеткенін тіркеді.

Жекпе-жектің әсерлі аяқталуы көрермендердің қызу қолдауына ие болды. Аренадағы жанкүйерлер ұландықтың жеңісіне зор қолдау білдірді.

Халықаралық турнирдегі жеңіс құқықтық тәртіп әскерлері әскери қызметшілерінің спорттық дайындығының кезекті нәтижесі. Олар қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындаумен қатар, дене төзімділігін шыңдап, жекпе-жек өнері бойынша шеберліктерін жетілдіріп келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары