Германиядағы Хаген университетінің ғалымдары ауқымды жаһандық апаттар кезінде қай елдерде аман қалу мүмкіндігі жоғары екенін зерттеді. Мамандар түрлі мемлекеттердің «ақырзамандық» сценарийлерге төзімділігін бағалаған. Зерттеу Global Challenges журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғаламдық апат қаупі адамзаттың тіршілігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін. Мұндай сценарийлерге ядролық қыс, ірі астероидтың Жерге соғылуы және аса қуатты жанартау атқылауы жатады. Осындай оқиғалар Күн сәулесінің мөлшерін күрт азайтып, қалыптасқан инфрақұрылымды істен шығаруы ықтимал.
Ғалымдар ұзақ уақыт бойы мұндай жағдайда Жер шарындағы ең қауіпсіз аймақтарды анықтауға тырысып келеді. Жаңа зерттеуде авторлар адамзаттың аман қалу мүмкіндігіне қатысты жүздеген ғылыми еңбекті саралаған. Олар мемлекеттердің энергетикалық, көлік және азық-түлік жүйелері бұзылған жағдайда қаншалықты төтеп бере алатынын бағалады.
Аман қалуға әсер ететін негізгі факторлар ретінде географиялық оқшаулық пен ішкі өндірістің даму деңгейі аталды. Қазба отынының мол қоры бар және ауыл шаруашылығы сыртқы жеткізілімдерге тәуелді емес мемлекеттердің тұрақтылығын сақтап қалу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ демократиялық басқару жүйесі мен әлеуметтік теңсіздіктің төмен болуы да маңызды рөл атқарады.
Барлық көрсеткішті бірге есептегенде, тұрақтылық рейтингісінің көшін Аустралия бастады.
Бұл ел азық-түлікті өте көп көлемде өндіреді әрі тау-кен өндірісі жақсы дамыған. Аустралияның аралдық орналасуы да артықшылық береді: қажет болған жағдайда ел сырттан төнетін биологиялық және әлеуметтік қауіптерден өзін салыстырмалы түрде оңай оқшаулай алады.
Дегенмен рейтингте бірінші орын алған Аустралияның да әлсіз тұстары бар.
Елдің инфрақұрылымы дәрі-дәрмек пен тыңайтқыш сияқты бірқатар маңызды тауардың халықаралық жеткізіліміне едәуір тәуелді. Сондықтан жаһандық сауда тізбектерінің бұзылуы мемлекет экономикасына айтарлықтай соққы болуы мүмкін.
Қауіпсіз елдер тізіміне сондай-ақ Жаңа Зеландия, Жапония, Швейцария және Аргентина кірді.
Зерттеушілер бұл мемлекеттерді ең ауыр сценарийлер орын алған жағдайда өркениетті қайта қалпына келтіруге арналған жаһандық тірек нүктелері ретінде пайдалануға болады деп есептейді. Мұндай аумақтарда азық-түліктің стратегиялық қорын, тұқым банктерін және басқа да маңызды ресурстарды сақтау ұсынылады.