Киви ұйқыны жақсартуы мүмкін

/
Киви ұйқыны жақсартуы мүмкін

Ұйықтар алдында киви жеу тезірек ұйықтап, түнгі демалыстың сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін. Диетолог Дженнифер Паллиан бұл жемістің ықтимал әсері құрамындағы мелатонинмен ғана шектелмейтінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz eatingwell.com-ға сілтеме жасап.

Мелатонин – ағзаның ұйқы мен сергектік ырғағын реттейтін табиғи гормон. Оның қалыпты бөлінуіне кешкі уақытта жарық экрандарды азайту, алкогольден, тойып тамақтанудан және жоғары қарқынды жаттығудан бас тарту көмектеседі. Кейбір тағамдардың құрамында да мелатонин мен ұйқы үдерісіне қатысатын басқа қосылыстар кездеседі. Паллианның айтуынша, кивиде мелатониннен бөлек серотонин, С дәрумені, фолий қышқылы және антиоксиданттар бар. Бұл заттардың бірлескен әсері ұйқының ұзақтығы мен сапасына ықпал етуі ықтимал.

2011 жылы жүргізілген шағын зерттеуге ұйқысы бұзылған 24 ересек адам қатысқан. Олар төрт апта бойы ұйықтардан бір сағат бұрын екі кивиден жеген. Зерттеу соңында қатысушылардың ұйықтап кетуіне кететін уақыт 35,4 пайызға, түнде ояу жатқан кезеңі 28,9 пайызға қысқарған. Жалпы ұйқы ұзақтығы 13,4 пайызға артқан.

Алайда бұл зерттеуде бақылау тобы болмаған және оған небәрі 24 адам қатысқан. Сондықтан нәтижені барлық адамға ортақ дәлел ретінде қабылдауға болмайды. Кейінгі шағын зерттеулер де балғын және кептірілген кивидің ұйқының кейбір көрсеткіштеріне жағымды әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Бірақ объективті өлшемдер бойынша нәтижелер біркелкі емес.

2026 жылы жарияланған ғылыми шолуда мелатонині бар тағамдардың ұйқы сапасы мен ұзақтығын жақсартуға көмектесуі мүмкін екені айтылған. Дегенмен авторлар зерттеулердің әдісі, қатысушылар саны, өнім мөлшері мен қолдану мерзімі әртүрлі болғандықтан, нақты ұсыныс жасауға дәлел әлі жеткіліксіз екенін атап өткен.

Диетолог кивиді қолданып көргісі келетіндерге ұйықтардан шамамен бір сағат бұрын екі жеміс жеуге кеңес береді. Бірақ киви ұйқысыздықты емдейтін дәрі емес. Оның ықтимал пайдасы тұрақты ұйқы тәртібімен, кешкі уақытта экран мен кофеинді шектеумен және жайлы ұйқы ортасымен бірге қарастырылуға тиіс.

Егер ұйқының бұзылуы ұзақ уақыт сақталса, күндізгі жұмысқа кедергі келтірсе немесе түнде тыныс алудың тоқтауы секілді белгілер байқалса, дәрігерге жүгінген жөн.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары