Бүгін марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында Ұлданаға алғашқы болып көмек көрсеткен фельдшер Ақтамақ Сыздықова жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сол күні апат болған жерде екі бригада бардық. Бірінші бригаданың аға фельдшері Ұлдана Мырзуан болды, оның көмекшісі Ділназ Байзақова болды. Екінші бригаданың аға фельдшері мен болдым, жанымда көмекші фельдшер болды. Қауіпсіздік ережесі бойынша біз апат болған жерге құтқарушылар келгенге дейін кірмеуіміз керек. Ол жерде құтқарушылар болған жоқ. Кірейік пе, кірмейік пе деп те ойланған жоқпыз. У-шу болып жатты. Жан-жақтан «көмектесіңдер» деп жатты. Апат орнына барғанда біз жылап отырған әйелге барып, көмектесе бастадық. Ұлдана мен Ділназ жерде жатқан ер мен әйелге көмектесуге кетті. Бір уақытта Ділназдың «Ұлдана, Ұлдана» деген дауысын естідім. Барғанымда Ұлдананың беті жерге қарап жатты. Құлағы мен аузынан, басынан қан ағып жатты», - деді куәгер.