«Фаризаға жазған мен емес»: Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлім етті

/
«Фаризаға жазған мен емес»: Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлім етті
Скриншот

Алматы қаласында актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр​​​​​​, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін әзілкештің экс-жұбайы Фариза Алмазқызы әлеуметтік желіде видео жариялап, біраз уақыт бойы өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтқан еді. Оның сөзінше, қылмыстық іс аясында Нұрсұлтан Жақсыген кешірім сұраған. Алайда Фариза кешірімді қабылдамай, сотқа жүгінген. Іс бойынша кезекті сот отырысы бүгін, 25 тамызға белгіленген.

Сот ғимаратында Нұрсұлтан Жақсыген журналист Руслан Өтепбайға іс бойынша пікір білдіріп, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және ауыр мазмұндағы хабарламаларды өзі жазбағанын айтты.

«Сот осы іс бойынша сараптама жүргізіп жатыр. Менің аккаунттарыма байланысты атымнан түрлі парақшалар ашылып, жалған хабарламалар жазылған. «Боди-массаж жасайды» деп жазған мен емес. Әйелім мен оның отбасын сығандарға теңеген де мен емес. Мен тек «балаларды көрсет» деген тақырыптарда жаздым», – деді Нұрсұлтан Жақсыген.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде кез келген адам оның атымен аккаунт ашып, түрлі жазбалар жариялай алады.

«Кез келген адам аккаунтына «Нұрсұлтан Жақсыген» деп жаза салады. Менің өзімде TikTok-та, Instagram-да 10 аккаунтым бар. Менің WhatsApp нөміріме шабуыл жасалды. Менде бүкіл дәлелдер бар. Сот «мұны Нұрсұлтан Жақсыген жасаған» деп шешсе, демек, бұл әділ емес», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызына қатысты жазбалары қызу талқыға түскен еді. Желі қолданушылары актердің бұрынғы әйеліне қатысты айтқан сөздеріне наразылық білдірді.

Қазір аталған іс сотта қаралып жатыр. Іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары