Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері 31 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті өзге адамдармен бірге күш қолдану және қорқыту арқылы жәбірленушіден 200 мың теңге ақша алған. Кейін оған "қорғау және қамқорлық" көрсетеміз деген сылтаумен ай сайын 100 мың теңге төлеуді талап еткен. Уақыт өте талап етілген сома 500 мың теңгеге дейін өскен.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін күдікті жедел түрде ұсталды. Оның жанынан арнайы таңбаланған 60 мың теңге көлеміндегі ақша тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды.
Қазір қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.