Ақтауда балықтан уланып, кейін көз жұмған балаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Тергеу барысында отбасы балықты жол бойындағы белгіленбеген жерден сатып алғаны анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Жетінші арна" мәліметінше, отбасы Атырау облысына сапар кезінде балықты жол жиегіндегі сатушыдан сатып алған. Кейін өнім үйге жеткізіліп, тоңазытқышта сақталған.
Балық отбасылық дастарқанда желінген. Оны барлығы алты адам тұтынған, соның бесеуі кейін ауруханаға түскен.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының айтуынша, зерттеу жүргізу үшін балықтың үлгісі сақталмаған. Сондықтан өнімде нақты қандай мәселе болғанын анықтау қиын.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бабымен тергеу жүргізіліп жатыр.
Тергеу аясында отбасы балықты нақты қай жерден сатып алғаны және оны кім сатқанын анықтау қажет.
Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында белгілі болады.