Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын – Тоқаев

/
Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын – Тоқаев
Ақорда

Мемлекет басшысы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесуде мемлекет тарапынан барша дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалатынын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Әлем тез өзгеріп жатқаны соншалық, таяу келешекте не боларын ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ білімге құштарлық, өз күшіңе сену, табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін ұмытпауымыз керек. Келешек туралы бір нәрсені сеніммен айтуға болады – түбі адам капиталын дамытуға және жаңа технологияларды экономика мен қоғамның барлық саласына енгізуге баса мән берген елдер озады. Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Сіздер, талантты жастар осы жасампаз үдерістердің алдыңғы шебінде жүресіздер. Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Олар елге жанашыр, табиғатқа қамқор, нағыз адал азамат болуын тілеймін. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдаймын. Мен жастарға сенемін! – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына алғыс айтты.

– Қазір біздің ортамызда саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларды үздіктер қатарына қосқан ұлағатты ұстаздар отыр. Сіздердің ерен еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қабілетті балаларды оқытып, оларды халықаралық жарыстарға даярлайтын педагогтерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – ең ізгі іс. Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет міндетті түрде ескереді. Үкімет пен өңір басшыларына осындай тапсырма беріледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары