«СКЗ-U» ЖШС – Қазақстанның уран өндіру саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін маңызды өндірістік кәсіпорындардың бірі. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы зауыт өндірістік тиімділікпен қатар, еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлердің кәсіби дамуына және өңірдің әлеуметтік әл-ауқатына ерекше мән береді. Қызылорда облысында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС – күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын ғана емес. Бұл – химиялық өндіріс, энергетикалық тиімділік, өнеркәсіптік қауіпсіздік, адами капитал және әлеуметтік жауапкершілік тоғысқан кешенді өндірістік жүйе. Кәсіпорынның әр бағыты Қазақстанның уран өнеркәсібінің тұрақты дамуына қызмет етуге бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобалық қуаты – жылына 500 мың тонна
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – әлемдегі ең ірі табиғи уран өндірушілердің бірі. Компанияның барлық уран өндіруші активтері жерасты ұңғымалық шаймалау (ISR) технологиясын қолданады. Бұл технологияда уранды кеннен ерітіндіге өткізу үшін негізгі реагенттердің бірі – күкірт қышқылы пайдаланылады.
Сондықтан күкірт қышқылы «Қазатомөнеркәсіптің» өндірістік тізбегіндегі стратегиялық маңызды ресурс саналады. Осы бағытта Қызылорда облысында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС ерекше рөл атқарады. Кәсіпорын уран өндіруші кәсіпорындарды қажетті күкірт қышқылымен қамтамасыз етіп, ISR технологиясының тұрақты жұмыс істеуіне үлес қосады. Осылайша, «СКЗ-U» өндірісі мен уран өндіру арасында тікелей технологиялық байланыс қалыптасқан.
«СКЗ-U» ЖШС-нің стратегиялық маңызы оның Қызылорда облысында орналасып, ең алдымен Хорасан-1/2 кеніштерінің күкірт қышқылына деген қажеттілігін қамтамасыз етуімен байланысты. Кәсіпорын, ең алдымен, Хорасан-1/2 кеніштерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағдарланған. Өнімді жергілікті жерде өндіру уран өндірісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы жеткізілімдерге, логистикалық тәуекелдерге және нарықтағы өзгерістерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, «СКЗ-U» ЖШС-ні тек өндірістік-көмекші кәсіпорын ретінде емес, Қазақстанның уран өнеркәсібінің технологиялық инфрақұрылымының маңызды бөлігі ретінде қарастыруға болады.
«СКЗ-U» ЖШС 2007 жылғы 25 тамызда Қазақстанда тіркеліп, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен халықаралық серіктестердің қатысуымен құрылған. Кәсіпорын құрылымындағы үлестер «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на 49 пайызы, SAP-Japan Corporation-ға 32 пайызы және UrAsia London Limited-ке 19 пайызы тиесілі.
Кәсіпорынның өндірістік жобасы 2010 жылы іске асырыла бастады. Сол жылы жобалық қуаты жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге арналған зауыт құрылысына қаржыландыру тартылды. 2010-2012 жылдары құрылыс жұмысы жүргізіліп, 2012 жылдың екінші жартысында сынамалық өндіріс басталды. 2012 жылғы 20 желтоқсанда №30 мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылып, қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін, 2013 жылы күкірт қышқылының өнеркәсіптік өндірісі жолға қойылды.
Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 500 мың тоннаға, яғни тәулігіне шамамен 1 500 тоннаға жетеді. Кәсіпорын құрамында күкірт қышқылы цехы, энергетикалық кешен, қосалқы өндірістік бөлімшелер, вахталық кент және күн электр станциясы жұмыс істейді.
«СКЗ-U» өндірісінің ерекшелігі оның Қазақстанның мұнай-газ, химия және уран өнеркәсібін байланыстыратын бірыңғай өндірістік тізбектің құрамында болуынан көрінеді. Күкірт қышқылын өндірудің негізгі шикізаты – түйіршікті күкірт. Оны «Теңізшевройл» ЖШС-нен сатып алатын «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС жеткізеді. Нәтижесінде мұнай-газ саласында алынған күкірт «СКЗ-U» зауытында өңделіп, уран өндіру технологиясында пайдаланылатын маңызды өнімге айналады.
Бұл өндірістік байланыс кәсіпорынның рөлін айқындай түседі: «СКЗ-U» бір жағынан Қазақстанның мұнай-газ секторынан алынатын шикізатты терең өңдеуге қатысса, екінші жағынан уран өндірісінің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті технологиялық ресурсты қамтамасыз етеді.
Тиімділік пен тұрақтылық – «СКЗ-U» басымдығы
«СКЗ-U» ЖШС-де күкірт қышқылын өндіру бірнеше өзара байланысты технологиялық кезеңнен тұрады. Негізгі шикізат – түйіршікті күкірт алдымен дайындалып, балқытылады, кейін жағу процесіне жіберіледі. Күкірттің ауадағы оттегімен әрекеттесуі нәтижесінде күкірт диоксиді (SO₂) түзіледі. Одан әрі газ каталитикалық тотығу сатысында күкірт триоксидіне (SO₃) айналып, соңғы кезеңде абсорбциялық жүйеде өңделіп, қажетті концентрациядағы күкірт қышқылы алынады.
Технологиялық процестің маңызды ерекшелігі – өндіріс кезінде бөлінетін жылудың тиімді пайдаланылуы. Жылу энергетикалық кешенге бағытталып, бу мен электр энергиясын өндіруге жұмсалады. Яғни өндіріс барысында пайда болатын энергия қайтадан кәсіпорынның өз қажеттілігіне қызмет етеді. Бұл тәсіл ресурстарды ұтымды пайдалануға, энергия шығынын азайтуға және өндірістің жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында қолданылатын технология үздіксіз және аз қалдықты сипатқа ие. Шикізаттың мақсатты өнімге айналу көрсеткіші 99,7 пайызға дейін жетеді. Ал өндірістің жоғары деңгейде автоматтандырылуы технологиялық процестің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, адам факторының ықпалын азайтуға және ресурстарды тиімді басқаруға жағдай жасайды.
Энергетикалық тиімділік – «СКЗ-U» ЖШС өндірісінің маңызды ерекшеліктерінің бірі. 2013 жылы кәсіпорынның энергетикалық кешені өз қажеттіліктеріне электр энергиясын өндіруді бастады. Ал 2014 жылдан бастап өндірілген электр энергиясының бір бөлігі сыртқы желілерге беріле бастады. Сол жылы кәсіпорында қуаты 418 кВт күн электр станциясы іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу бағыты аясында жүзеге асырылды.

Кәсіпорында күкірт қышқылын өндіру кезінде бөлінетін жылу да тиімді пайдаланылады. Ол энергетикалық кешенде бу және электр энергиясын өндіруге жұмсалады. Осылайша, өндірістік процесте пайда болатын энергия қайтадан кәсіпорынның қажетіне жарап, ресурстарды ұтымды пайдалануға және жалпы өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда, «СКЗ-U» – тек күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын емес, химиялық өндіріс пен энергетикалық тиімділікті бір жүйеге біріктірген кешенді өндірістік нысан. Мұнда өнім өндірумен қатар, энергия ресурстарын барынша тиімді пайдалану, технологиялық процестердің тұрақтылығын сақтау және өндірістің тиімділігін арттыруға басымдық беріледі.
Бүгінде «СКЗ-U» ЖШС алдында өндірістің сенімділігін сақтау, өнім көлемі мен сапасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, технологиялық процестерді одан әрі жетілдіру міндеттері тұр. Сонымен қатар өнеркәсіптік, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік талаптарын сақтау кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «СКЗ-U» үшін күкірт қышқылын өндіру – жай ғана өндірістік міндет емес. Бұл – өнімін уран өндірудің технологиялық процесінде пайдаланатын кәсіпорындар алдындағы жауапкершілік. Себебі күкірт қышқылының тұрақты жеткізілуі жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясының үздіксіз жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді.
2007 жылы негізі қаланған «СКЗ-U» бүгінде жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік беретін заманауи кәсіпорынға айналды. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші активтерін қажетті реагентпен қамтамасыз ете отырып, уран өндірісінің тұрақтылығына және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Жұмысшылардың денсаулығы – басты құндылық
«СКЗ-U» ЖШС-де қызметкерлердің денсаулығын сақтау өндірістік қауіпсіздіктің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Осы мақсатта кәсіпорында ауысым алдындағы медициналық тексерулер толық автоматтандырылып, цифрландырылды. Автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін (АСМО/ЭСМО) енгізу тексерулердің сапасы мен объективтілігін арттырып, өндірістік тәуекелдерді төмендетуге және адам факторының ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Жүйе қызметкерлердің денсаулық жағдайын жедел бақылауға, медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға және өндірістік жұмыстарды орындауға кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілімдерді уақтылы анықтауға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде өндірістік жарақаттардың алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларын күшейтеді.
Медициналық тексерулердің нәтижелері автоматты түрде eKAP ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бұл уәкілетті бөлімшелерге қажетті есептілік пен талдамалық ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерге тәулік бойы медициналық сүйемелдеу көрсету үшін кәсіпорындағы медициналық персоналдың штаты да күшейтілген. Сонымен қатар төтенше және шұғыл жағдайларға жедел ден қоюға дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорында зардап шеккендерге алғашқы және қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалып, медициналық қызметтердің дайындығы тұрақты назарда ұсталады..
«СКЗ-U» ЖШС-де өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығына ерекше мән беріледі. Әсіресе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген сәтте дұрыс шешім қабылдап, алғашқы көмекті уақытылы көрсете білу маңызды. Осыған байланысты кәсіпорында қызметкерлерді алғашқы көмек көрсету дағдыларына жүйелі түрде оқыту жолға қойылған.
Бұл бағыттағы жұмыстың ерекшелігі – оқу процесінің халықаралық талаптарға негізделуі. Кәсіпорында халықаралық бағдарламалар бойынша арнайы даярлықтан өткен ішкі тренер-нұсқаушы дайындалған. Ол BLS – Америкалық жүрек қауымдастығының базалық жүрек-өкпе реанимациясы курсы және PHTLS – жарақат алған адамдарға ауруханаға дейінгі көмек көрсету бағдарламасы бойынша білім алып, халықаралық тренер мәртебесіне ие болған.
Мұндай дайындық қызметкерлерге төтенше жағдайда абдырап қалмай, нақты алгоритм бойынша әрекет етуге мүмкіндік береді. Алғашқы көмекті дұрыс көрсету зардап шеккен адамның жағдайын тұрақтандыруға және кәсіби медициналық көмек келгенге дейін оның өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін.
Бүгінде «СКЗ-U» ЖШС қызметкерлерінің 100 пайызы алғашқы көмек көрсету бойынша оқытудан өткен. Оқу барысында теориялық біліммен қатар, практикалық жаттығуларға да басымдық беріледі. Қызметкерлер, атап айтқанда, ZOLL AED Plus автоматты сыртқы дефибрилляторын қолдану бойынша тәжірибелік дайындықтан өткен.
Алғашқы көмек көрсету дағдыларының барлық қызметкерге бірдей үйретілуі кәсіпорындағы қауіпсіздік мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте алғашқы көмек көрсету тек медицина қызметкерлерінің міндеті емес, төтенше жағдайда әр қызметкердің жауапкершілігі ретінде қарастырылады.
Осылайша, «СКЗ-U» ЖШС үшін қауіпсіздік – тек өндірістік талаптарды орындау ғана емес, адам өміріне деген жауапкершілікті күнделікті жұмыс мәдениетіне айналдыру. Ал қызметкерлерді жүйелі түрде оқыту мен практикалық тұрғыда даярлау – осы ұстанымның маңызды бөлігі.
Қызметкер мүддесі – кәсіпорын назарында
«СКЗ-U» ЖШС үшін өндірістің тұрақты жұмысы заманауи технологиялармен қатар, кәсіби мамандардың еңбегіне және олардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей байланысты. Сондықтан кәсіпорында қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастырумен бірге, әлеуметтік қолдау шараларына да тұрақты көңіл бөлінеді.
2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша «СКЗ-U» ЖШС-де 277 адам еңбек етеді. Оның ішінде 259 қызметкер күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Кәсіпорын ұжымының басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының басқа аудандарында тұрады. Бұл кәсіпорынның өңірдегі жұмыспен қамтуға және жергілікті халықтың тұрақты табыс көзіне қосып отырған үлесін көрсетеді.
Қалған қызметкерлер Алматы қаласы мен Алматы облысында, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларында тұрады. Осылайша, кәсіпорын ұжымы әртүрлі өңірлерден жиналған білікті мамандардан құралған.

Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған арнайы әлеуметтік төлемдер. Қазақстанда 2024 жылдың басынан бастап 55 жасқа толған және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындау тетігі енгізілді.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, тиісті талаптарға сай қызметкердің еңбек шарты арнайы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге байланысты тоқтатылған кезде төлем бірнеше көзден қалыптасады: жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымы тарапынан бір-бір күнкөріс минимумы мөлшерінде, сондай-ақ мемлекет тарапынан екі күнкөріс минимумы көлемінде арнайы кәсіби төлем қарастырылады. Төлем мөлшері тиісті жылға белгіленген күнкөріс минимумы негізінде есептеледі.
Қазіргі таңда «СКЗ-U» ЖШС-де бес қызметкер арнайы әлеуметтік төлем алып отыр. Бұл кәсіпорынның қызметкерлердің еңбек жағдайларына байланысты әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысының бір көрінісі.
Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік құқығы мен еңбек кепілдіктері ұжымдық шартпен бекітілген. Құжатта еңбекақы төлеу кепілдіктерімен қатар, сауықтыру іс-шаралары, демалысты ұйымдастыру және басқа да әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылған.
Кәсіби даму – өндіріс тиімділігінің негізі
Қызметкерлердің денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру – «СКЗ-U» ЖШС әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта кәсіпорында персоналдың денсаулығын нығайтуға бағытталған сауықтыру шаралары да ттұрақты түрде ұйымдастырылады.
Қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіру және денсаулығын нығайту мақсатында санаторий-курорттық емделу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл шаралар кәсіптік аурулардың алдын алуға, ағзаның қалпына келуіне және қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігін сақтауға бағытталған.
Салауатты өмір салтын қолдау үшін «СКЗ-U» ЖШС-нің вахталық кенті аумағында заманауи спорт залы жұмыс істейді. Зал дене шынықтырумен айналысуға қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау олардың физикалық белсенділігін арттырып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында ұжымның спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған корпоративтік турнирлер мен түрлі спорттық жарыстар да тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар денсаулық марафондары ұйымдастырылып, аурулардың алдын алу, салауатты өмір салты және алғашқы көмек көрсету тақырыптарында дәрістер мен семинарлар өткізіледі.
Басты басымдық – адамдарға қамқорлық
«СКЗ-U» ЖШС-де қызметкерлердің кәсіби білімі мен құзыреттерін дамытуға да ерекше мән беріледі. Кәсіпорын қызметкерлердің біліктілігін арттыруды тұрақты түрде ұйымдастырып, оқу шығындарын өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 242-ден астам қызметкер түрлі бағыт бойынша оқудан өтті. Оқу бағдарламалары еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік, үнемді өндіріс, қаржылық сауаттылық, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттарын қамтыды.
Сонымен қатар кәсіпорында үнемді өндіріс қағидаттарын енгізуге бағытталған бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында қызметкерлер өндірістік тиімділікті арттырудың заманауи құралдары мен әдістерін меңгеріп, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниялар тобына кіретін кәсіпорындардың үздік тәжірибелерімен танысады.
Бағдарлама қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін нығайтумен қатар, өндірістік үдерістерді жетілдіруге және кәсіпорында үздіксіз даму мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағыты бойынша бірқатар маңызды бастама іске асырылды.
Халықаралық әйелдер күні – 8 наурызға орай өңір тұрғындары арасындағы еңбек ардагерлеріне, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларының иегерлеріне, сондай-ақ көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлінді. Осы санаттағы 16 әйелге сыйлық жиынтықтары табысталып, мерекелік құттықтау ұйымдастырылды. Бұл бастама қоғамдағы әйелдердің еңбегін, отбасындағы және өңірдің әлеуметтік өміріндегі үлесін бағалауға бағытталды.
Наурыз мейрамын атап өту аясында Жаңақорған кентінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға демеушілік көмек көрсетілді. Ұлттық мерекені кең көлемде атап өтуге қолдау көрсету арқылы компания жергілікті қоғамдастықтың мәдени және қоғамдық бастамаларына өз үлесін қосты.
Сонымен қатар ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бағытына да ерекше назар аударылды. Еске алу күніне орай компания қызмет ететін өңірдегі соғыс ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагерлеріне, Семей ядролық полигонының, Ауған және Таулы Қарабах соғыстарының қатысушылары қатарындағы 8 азаматқа материалдық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, ардагерлерге құрмет пен ізгі ниетті білдіру мақсатында тәтті себеттер табысталды.
P.S. «СКЗ-U» ЖШС – Қазақстанның уран өнеркәсібіндегі маңызды өндірістік буын ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған кәсіпорын. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік беретін өндірістік қуат кәсіпорынның уран өндіру үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын айқындайды.
Сонымен қатар компания үшін өндірістік нәтижелермен қатар, адам қауіпсіздігі, қызметкерлердің кәсіби дамуы, әлеуметтік әл-ауқаты және жергілікті қоғамдастықты қолдау маңызды бағыт болып қала береді. Қауіпсіздік мәдениетін нығайту, заманауи технологияларды енгізу, адами капиталды дамыту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру арқылы «СКЗ-U» ЖШС тұрақты әрі тиімді өндіріс қағидаттарын ұстанып келеді.