Науқанның қорытынды кезеңі: партиялар сайлаушылармен кездесу өткізді

/
Науқанның қорытынды кезеңі: партиялар сайлаушылармен кездесу өткізді

Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партиялар республикалық форум өткізіп, өңір тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен және өндіріс ұжымдарымен кездесті. Жиындарда ауылды дамыту, отандық өндірісті қолдау, әлеуметтік кепілдіктер, экология, еңбек жағдайы және сайлау үдерісінің ашықтығы мәселелері көтерілді.

«Әділет» республикалық форум өткізді

Сайлауалды науқанның қоры­тын­ды кезеңінде Астанада өткен «Әділет» партиясының респуб­ли­ка­лық форумы елдің түкпір-түкпірі­нен келген қолдаушылардың басын қосты. Жиынға өңірлерден делегат­тар, белсенділер және түрлі сала өкіл­дері қатысты. Форумда партияның «Әділетті бо­лашақ үшін» сайлауалды бағдар­ла­­масының негізгі бағыттары та­ныс­тырылды. Олар білім беру, өнер­кәсіп пен еңбек қауіпсіздігі, заң жә­не тәртіп, экология, инклюзивті ор­та, мәдениет және қоғамдық құн­дылықтарды қамтиды. Науқан барысында партияның рес­публикалық сайлауалды штабы елі­міздің 20 өңірін аралап, тұрғын­дар­мен, кәсіпорын жұмысшы­лары­мен, дәрігерлермен, педагогтермен, аг­раршылармен, кәсіпкерлермен және жастармен кездесулер өткіз­ген.
Партия мәліметінше, науқан бас­талғалы 6 млн-нан астам адам­ның қатысуымен 21 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Ел бойын­ша 247 сайлауалды штабы және шамамен 30 мың сенімді өкілі жұ­мыс істеген.

ЖСДП кандидаты ауыл халқының мәселесін тыңдады

ЖСДП-дан Құрылтай депутат­ты­ғына кандидат Рүстем Сарманов Абай облысы Көкпекті ауылының тұрғындарымен кездесті. Ашық диа­логта ауылдың әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуы, инфрақұрылым және тұрғындардың өмір сапасына қа­тыс­ты мәселелер көтерілді.
Кездесудің негізгі тақырыбының бірі агроөнеркәсіптік кешен мен жер­гілікті өндірушілерді қолдау бол­ды. Тұрғындар ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін өндіруде кездесетін ке­дергілерді атап, ауылдық аумақ­тар­­ды дамытуға жағдай жасау жө­нін­де ұсыныстарын білдірді.
Жиында қоршаған ортаның жағ­дайы, табиғи ресурстарды қор­ғау және экологиялық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелері де тал­қы­лан­ды. Бұдан бөлек, қатысушылар зейнет жасын қайта қарау және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы ұсыныстар айтты.
Рүстем Сарманов партияның «Прог­ресс жолындағы 20 белес» бағ­дар­ламасының бағыттарын та­ныс­тырды. Сайлауалды штаб кездесу барысында айтылған өтініштер мен ұсыныстарды тіркеп партия құры­лымдарында кейін қарау үшін жүйе­лейтінін хабарлады.

«Байтақ» партиясы бақылаушыларға жұмыс тәртібін түсіндірді

«Байтақ» партиясының Қы­зыл­орда филиалы 23 тамызда өтетін сайлауға қатысатын бақы­лау­шы­лары­мен кездесті. Жиында науқанға дайындық және сайлау учас­ке­лерін­де­гі жұмыс тәртібі талқыланды.
Филиал өкілдері бақылаушы­лар­ға олардың құқығы мен мінде­тін, дауыс беру процесін бақылау та­лаптарын және сайлау заң­нама­сының ережелерін түсіндірді. Сон­дай-ақ ықтимал заң бұзушылық­тар­ды тіркеу, тиісті органдарға хабар­лау және мәселе туындаған кезде бел­гіленген тәртіппен әрекет ету жол­дары айтылды.
Кездесуде сайлау учаскелеріндегі түрлі жағдайларға арналған іс-қи­мыл алгоритмдері пысықталды. Ба­­қылаушыларға дауыс беру бары­сы­на араласпау, бейтараптық сақтау, заң талаптарын ұстану және азамат­тар­дың таңдауына құрметпен қарау қа­жеттігі ескертілді.
Филиал өкілдері әр бақылаушы өз міндетін заң аясында орындап, учас­кедегі жағдайды белгіленген рәсімдерге сәйкес тіркеуі тиіс екенін ха­барлады. Жиын соңында қатысу­шылар сұрақтарын қойып, нақты жағдайларға қатысты түсіндірме алды.

ҚХП зиялы қауым өкілдерімен кездесті

ҚХП төрағасы Нұрсұлтан Шоқа­нов Алматыға жұмыс сапары­мен барып, зиялы қауым өкіл­дері­мен кездесті. Жиын Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қор ғимаратында өтті.
Кездесуге қоғамдық қор өкіл­дері, ғалымдар, мәдениет қайрат­кер­лері, белгілі журналист Тілеужан Есіл­баев, Дулат Ахтанов пен Диар Қонаев та қатысты.
Нұрсұлтан Шоқанов партия бағ­дарламасындағы ұлттық мәде­ниет, білім және технологиялық да­му бағыттарын таныстырды. Ол ға­лымдар, педагогтер, дәрігерлер, ин­женерлер мен мәдениет қайрат­кер­лерінің қоғамдағы рөліне тоқ­талды.
Жиында мәдени мұраны сақтау және оны көпшілікке қолжетімді ету жолдары талқыланды. Партия өкіл­дері тарихи ескерткіштерді қал­пына келтіруді жеделдету, музей қор­ларын цифрландыру, тарихи нысандарды туристік инфра­құры­лым­ға енгізу және қазақстандық ны­сандарды ЮНЕСКО тізіміне ұсы­ну жөніндегі бастамаларды та­ныс­тырды. Тараптар зиялы қауыммен тұрақ­ты диалог орнату жайын тал­­қы­лады.

«Ауыл» партиясы ТҮРКПА бақылаушыларымен пікір алмасты

Астанада «Ауыл» партиясының өкіл­­дері Құрылтай сайлауына ба­қылаушы ретінде келген Түркі мем­лекеттері Парламенттік Ассам­блея­сының делегациясымен кездесті. Пар­тия атынан жиынға төрағаның орынбасары Шахмардан Байманов пен штаб мүшелері қатысты.
Делегация құрамына Қыр­ғыз­стан мен Түркия депутаттары, Ас­сам­блея хатшылығы және қауіп­сіз­дік қызметінің өкілі кірді. Де­ле­га­ция мүшелері партияның сайлау науқа­нына қатысуы, республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы, үгіт іс-шараларын ұйымдастыру жә­не кандидаттардың сайлау­шы­лар­мен байланысы туралы сұрақтар қой­ды.
Шахмардан Байманов бай­қау­шыларға науқанның барысы, кан­дидаттардың өңірлердегі жұмы­сы және тұрғындармен кездесу фор­маттары туралы ақпарат берді. «Ауыл» партиясы өкілдері штаб­тар­дың сайлау күніне дайындығы жай­лы сауалдарға да жауап берді.
Кездесу соңында тараптар сай­лау науқанының өту барысы, ха­лық­аралық байқаушылардың қыз­меті және сайлау үдерісінің ашық­тығын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

«Ақ жол»: QAZALPACK алаңында басқосу өтті

20 тамызда «Ақ жол» партия­сы­ның төрағасы Дания Еспаева бас­таған штаб мүшелері Шымкенттегі QAZALPACK кәсіпорнының ұжы­мы­мен кездесті. Жиынға 50-ге жуық зауыт қызметкері қатысты.
Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттыру және жұмысшылардың әлеу­меттік жағдайы талқыланды. Пар­тия өкілдері кәсіпкерлерді негіз­сіз кедергілерден қорғау, салықтық ынталандыруды қайта қарау және өндірісті заманауи технологиялар­мен жабдықтауға мемлекеттік қол­дау көрсету туралы ұсыныста­рын таныстырды.
Жиында ішкі нарықты отан­дық өнім­мен қамту, кәсіпорын­дардың тұрақты жұмыс істеуі, жұ­мыс орын­да­рын сақтау және ең­б­ек құқық­тарын қорғау мәсе­ле­лері айтылды. Пікір алмасуда зауыт қызметкерлері өндірістегі қиын­дықтар, шикізат­тың қол­же­тімділігі және әлеуметтік кепілдік­тер жөнінде сұрады.
Кәсіпорын ұжымы өндірісті да­мытуға қатысты ұсынысын жеткізді. Партия өкілдері айтылған мәсе­ле­лер мен ұсыныстар қаралатынын ха­барлады.

Respublica штабы энергетикалық жабдық өндіретін зауытқа барды

Respublica партиясының сай­лауал­ды штабы Астанада энергети­ка­лық инфрақұрылымға жабдық шы­ғаратын кәсіпорынға барды. Кә­сіпорын басшысы Асқар Сызды­қов кандидаттарға өндіріс барысын таныстырды.
Зауытта металл корпустар, 10 жә­не 20 кВ вакуумдық ажырат­қыш­тар мен ұяшықтар өндіріледі. Кә­сіп­орын әзірлеген 20 кВ ұяшығы Аста­нада 2017 жылдан бері қолданылып келеді.
Кездесуде отандық өнімді ішкі нарыққа өткізу және экспортқа шы­ғару мәселелері талқыланды. Қыз­мет­керлер салық жүктемесі, меди­ци­налық сақтандыру, кадр даярлау жә­не тұрғын үй туралы сұрақтар қой­ды.
Партия өкілдері әлеуметтік тө­лем­дерді оңтайландыру және сақ­тан­дыру жарнасын төлейтін азамат­тардың медициналық көмек алу мүмкіндігі жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Сонымен қатар дуал­ды оқытуды дамыту, кәсіп­орын­дар­дың маман даярлауға қатысуын арт­тыру және мамандықтар атла­сын жаңарту жайы сөз болды.
Жиында ірі қалалардағы жас ма­мандарға арналған қолжетімді жал­дамалы тұрғын үйді дамыту мә­селесі де көтерілді.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары