AI & Digital Bridge 2026 форумында 61 меморандумға қол қойылды – министрлік

/
AI & Digital Bridge 2026 форумында 61 меморандумға қол қойылды – министрлік
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада халықаралық технологиялық AI & Digital Bridge 2026 форумы аяқталды. Форум 1–3 қазан аралығында өтіп, технологиялық бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды, халықаралық компанияларды, инвесторларды, стартаптарды, әзірлеушілер мен сарапшылар қауымдастығын біріктірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форумның алғашқы күнінде мемлекеттік органдар басшылары, халықаралық делегациялар және технологиялық индустрия өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтті. 2 және 3 қазанда AI & Digital Bridge көпшілікке арналған ашық бағдарламамен жалғасты.

AI & Digital Bridge 2026 форумының негізгі тақырыбы «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» болды. Форум Қазақстанның өңірлік AI экожүйесін қалыптастырудағы рөліне, өзінің технологиялық инфрақұрылымын дамытуға және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналды.

Ашық бағдарлама аясындағы екі күнде форум алаңына 47 мыңнан астам рет келу тіркелді. Күнделікті көрсеткіштердің жиынтығы бойынша форумға 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысты.

Іскерлік бағдарламаға 429 бірегей спикер, оның ішінде 114 шетелдік сарапшы қатысты. Форум аясында 106 панельдік сессия өтті. Көрме алаңында Startup Alley форматында 96 стартап, 49 IT-компания және 42 жеке стенд таныстырылды. Форумның негізгі практикалық нәтижелерінің бірі 61 меморандум мен келісімге қол қойылуы болды.

2026 жылы бағдарламада жасанды интеллектіні дамыту, есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника, технологиялық кәсіпкерлік, инвестициялар, білім беру, AI-ды реттеу және жаңа шешімдерді мемлекеттік және корпоративтік секторға енгізу мәселелеріне басымдық берілді.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен стратегиялық күн тәртібі

1 қазандағы арнайы бағдарламаның негізгі оқиғасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Мемлекет басшысы елдің технологиялық трансформациясының негізгі бағыттарын және жасанды интеллекттің экономика, ғылым, білім беру мен мемлекеттік басқаруды дамытудағы рөлін атап өтті.

«Біз жасанды интеллект технологияларының өнеркәсіп, қаржы, білім беру, ғылым, мемлекеттік басқару және адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты AI & Digital Bridge күн тәртібі жыл сайын жаңарып, жаңа өзекті тақырыптар қосылып, қатысушылардың қатары кеңейіп келеді. Форумда цифрландыру тақырыбымен қатар есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер және робототехника мәселелері де талқыланады. Ғылым мен технология саласындағы заңнамалық реттеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстар үшін тиімді алтын көпір қызметін атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумның алғашқы күнінде Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінің ашылу рәсімі де өтті. Президент AI-Enabled University моделін және жаңа зерттеу университетін дамытудың негізгі бағыттарын таныды. Технологиялық көрме аясында Мемлекет басшысына білім беру, мемлекеттік қызметтер және өнеркәсіп салаларындағы цифрлық және AI-жобалар да таныстырылды.

Мемлекеттік күн тәртібі форумның қорытынды күнінде жалғасты. 3 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов AI & Digital Bridge көрмесінде ұсынылған цифрлық шешімдермен танысты. Сондай-ақ халықаралық технологиялық индустрия өкілдерімен кездесулер өткізіп, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапат табыстады. Премьер-министрге QAIRU-дың білім беру процесін бейне және аудио талдау, AI-тьютор, білім алушылардың оқу жетістіктерін талдау құралдары және басқа да отандық AI өнімдері таныстырылды.

Форум алаңында GUINNESS WORLD RECORDS ресми төрешісі Гленн Поллард Қазақстан Республикасының Премьер-министрі орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке HackAlem AI хакатонына қатысушылар саны бойынша әлемдік рекордты растайтын сертификатты табыс етті.

HackAlem AI 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында орнатылған алдыңғы әлемдік рекордтан асып түсті. Ол кезде Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға 2 089 қатысушы жиналған болатын.

Қазақстан AI экономикасының толық циклін қалыптастыруда

Форумның негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанда жасанды интелекттің толыққанды экожүйесін қалыптастыру болды. Бұл дайын AI құралдарын енгізумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар өз инфрақұрылымын, есептеу қуаттарын, тілдік модельдерді, технологиялық компаниялар мен адами капиталды дамыту, технологиялық бизнестің өсуіне және инвестиция тартуға жағдай жасау көзделеді.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан жаңа AI экономикасының барлық деңгейін жүйелі түрде дамытып жатқанын атап өтті.

«Біз толыққанды AI экономикасын қалыптастырудың бастапқы кезеңіндеміз. Түрлі бағалаулар бойынша, оның жалпы қолжетімді нарығы қазірдің өзінде 50 триллион доллардан асады. Бұл Қазақстан үшін жаңа жаһандық экономикада өз орнын алып, жасанды интеллектіні дамытудан барынша тиімділік алуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз AI экономикасының барлық бес деңгейін, яғни энергетикалық инфрақұрылымнан, чиптер мен бұлтты платформалардан бастап, өзіміздің тілдік модельдеріміз бен қосымшаларымызға дейін жүйелі түрде дамытып жатырмыз», – деді Жаслан Мәдиев.

AI инфрақұрылымын дамыту Премьер-министр Олжас Бектеновтің форум қорытындысы бойынша сөйлеген сөзіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев форумның ашылуында жаңа технологияларды дамыту қарқынды өзгеріп жатқан дәуірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Қазақстанда AI-ды жаппай енгізуге қажетті барлық құқықтық негіз қалыптасты. Цифрлық инфрақұрылым жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ең ірі, энергетикалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректер орталықтарының алқабы» мегажобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Деректер орталықтары жасанды интеллектті, бұлтты сервистерді, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамыту үшін негіз болады. Біз жаһандық технологиялық компаниялармен ынтымақтастыққа ашықпыз», – деді Олжас Бектенов.

Халықаралық сараптама және жаңа технологиялық байланыстар

Екі күн ішінде өткен 106 панельдік сессия AI дамуының негізгі бағыттарын қамтыды. Олардың қатарында жаңа экономика, жаһандық технологиялық бәсекелестік, инвестициялар, адами капитал, есептеу инфрақұрылымы, робототехника және Physical AI болды. Халықаралық бағдарлама жетекші кәсіпкерлерді, инвесторларды, зерттеушілерді, жаһандық технологиялық компаниялардың басшылары мен мемлекеттік институттардың өкілдерін біріктірді.

AI & Digital Bridge 2026 форумының негізгі спикерлері қатарында Network School негізін қалаушы, кәсіпкер және инвестор Баладжи Шринивасан, сондай-ақ Crimson Education компаниясының тең құрылтайшысы және бас директоры Джейми Битон болды. Олардың қатысуы форумның халықаралық құрамын күшейтіп, технологиялық кәсіпкерлік, білім беру, таланттарды дамыту және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа даму модельдері туралы пікірталасты кеңейтті.

Халықаралық бағдарламаның негізгі қатысушыларының бірі 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures төрағасы және AI Council мүшесі Кай-Фу Ли болды. Ол Қазақстан Республикасының Премьер-министрі орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Sofreh Capital негізін қалаушы әрі бас директоры Шервин Пишевар, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турловпен бірге The New Economy: Powered by AI пікірталасына қатысты. Пікірталасты Элеанор Олькотт жүргізді. Қатысушылар жасанды интеллекттің жаһандық экономиканы қалай өзгертіп жатқанын және жаңа AI экономикасын қалыптастыру үшін қандай жағдайлар қажет екенін талқылады.

The New AI World Order атты жеке пікірталас жасанды интеллекттің жаңа әлемдік архитектурасын, технологиялық модельдер арасындағы бәсекелестікті және әлемнің түрлі өңірлеріндегі тәсілдерді талқылауға арналды. Оған Цинхуа университетінің Жасанды интеллект индустриясын зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан, Cambrian Futures негізін қалаушы және AI Council мүшесі Олаф Грот, Mastercard атқарушы вице-президенті Иэн Слейтер қатысты. Пікірталасты Элеанор Олькотт жүргізді.

Инвестициялық күн тәртібі Capital for the AI Era сессиясында талқыланды. Kraken компаниясының тең бас директоры Дэвид Рипли, Revolut компаниясының DS & AI бағытының атқарушы директоры Павел Нестеров, Alma стартапының тең құрылтайшысы Асель Төлеубаева және Presight компаниясының стартаптарды жеделдету және венчурлік капитал бағытының жетекшісі Ғазиз Сейілханов жаңа өсу нүктелерін, инвестициялық стратегиялардың өзгеруін және Орталық Еуразияның өзгеріп жатқан инвестициялық географиядағы орнын талқылады. Сессияны Елизавета Осетинская жүргізді.

Бағдарламада адами капиталға да ерекше назар аударылды. Who Will Power the AI Economy? пікірталасына Digital Cooperation Organisation бас хатшысы және AI Council мүшесі Дима Әл-Яхья, Армения Республикасының жоғары технологиялық өнеркәсіп және жасанды интеллект министрінің орынбасары Татев Асланян, Oxford Insights негізін қалаушы әрі бас директоры, AI Council мүшесі Ричард Стирлинг және NVIDIA компаниясының Physical AI симуляциясы бойынша вице-президенті Рев Лебаредян қатысты. Пікірталасты Stanford Graduate School of Education мектебінің бұрынғы декан орынбасары және CTO, AI Council мүшесі Пол Ким жүргізді. Қатысушылар AI экономикасында еңбек нарығын қандай құзыреттер айқындайтынын және білім беру, ғылым, мемлекет пен бизнестің технологиялық өзгерістерге қалай жауап беруі керектігін талқылады.

Жасанды интеллекттің генеративті модельдерден тыс болашағы The Next AI Frontier сессиясының тақырыбына айналды. Оған Polynome Group негізін қалаушы әрі бас директоры, AI Council мүшесі Александр Ханин, Khalifa University ғылым және технология университетінің профессоры, AI Council мүшесі Меруан Дебба, 01Edu және 01Talent компанияларының тең құрылтайшысы, AI Council мүшесі Николя Садирак, сондай-ақ AI және жаһандық трансформация саласындағы PhD, Future Readiness Forum & Xponential Group негізін қалаушы әрі бас директоры Тарик Курейши қатысты. Сессияны Атакан Варол жүргізді. Пікірталаста робототехника, Physical AI, автономды жүйелер және интеллектуалды технологияларды дамытудың келесі кезеңі талқыланды.

AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасының басқа халықаралық қатысушылары қатарында E-Space негізін қалаушы, бас директоры және бас сәулетшісі Грег Уайлер, Dream компаниясының тең құрылтайшысы және президенті Себастьян Курц, Mastercard компаниясының вице-төрағасы және стратегиялық даму жөніндегі президенті Джон Хантсман, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БАӘ-нің жасанды интеллект мәселелері жөніндегі министрі Омар Әл-Олама, Harvard Medical School аға оқытушысы және Verily компаниясының Health Platforms бағытының бұрынғы президенті Вивиан Ли, iFLYTEK басқарма төрағасы Лю Цинфэн болды.

Сонымен қатар форум бағдарламасы панельдік пікірталастармен ғана шектелген жоқ. AI & Digital Bridge аясында воркшоптар, шеберлік сабақтары, Q&A-сессиялар, технологиялық шешімдердің таныстырылымдары, стартап-питчтер және инвесторлармен кездесулер өтті. Бұл қатысушыларға жаһандық технологиялық өзгерістерді талқылап қана қоймай, практикалық тәжірибе алмасуға, жаңа шешімдермен танысуға, серіктестер табуға және жаңа кәсіби әрі іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

«Бүгінде Қазақстанның өзіндік AI экономикасын дамыту және жаһандық технологиялық аренадағы позициясын нығайту үшін маңызды құрамдас бөліктері қалыптасқан. Елімізде есептеу инфрақұрылымы мен деректер орталықтары дамып келеді, мықты технологиялық экожүйе қалыптасуда, талантты әзірлеушілер, зерттеушілер мен стартаптар бар. AI & Digital Bridge форумына халықаралық қатысушылардың келуі осы мүмкіндіктерді жаһандық сараптамамен, капиталмен және жаңа серіктестіктермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Форумның рөлін біз дәл осылай көреміз: ол Қазақстанның технологиялар мен таланттарды тартатын орталыққа айналуына және еуразиялық AI хабы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал ететін алаң. Мемлекет басшысының AI & Digital Bridge-ті Еуразиядағы беделді әрі кеңінен танымал алаң ретінде атап өтуі біз үшін аса жоғары баға және форумды одан әрі дамыту үшін жаңа меже», – деді Digital Bridge бас директоры Дания Ахметова.

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық бағдарламасы бүгінде жаһандық AI күн тәртібін қалыптастырып отырған мәселелердің кең ауқымын көрсетті. Халықаралық технология көшбасшыларының, инвесторлардың, зерттеушілер мен жаһандық компаниялар өкілдерінің қатысуы әлемдік тәжірибені форумның негізгі міндеттерінің бірімен, яғни Қазақстанның еуразиялық AI хабы ретіндегі позициясын нығайту және елді технологиялар, капитал мен таланттарды тартатын орталық ретінде дамыту міндетімен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Креативті индустриялардағы AI: AAIFF-ке 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті

AI MONTH бағдарламасында жасанды интеллектті кино, музыка және креативті индустрияларда қолдану тақырыбына да ерекше орын берілді. Бұл бағыттағы негізгі оқиғалардың бірі жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, кино өнерін дамытуға арналған халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF) болды.

2 қазанда Astana AI Film Festival Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Халықаралық байқауға АҚШ, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония және Франция сияқты елдерді қоса алғанда, 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті.

Креативті индустриялардағы AI тақырыбы AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасында жалғасын тапты. AAIFF – The Future of AI Filmmaking және The Future of Live: музыка, концерттер және AI пікірталастары барысында халықаралық және қазақстандық сарапшылар жасанды интеллектінің кино өндірісін, музыканы, концерт индустриясын және контент жасауды қалай өзгертіп жатқанын, сондай-ақ AI авторлар мен креативті командаларға қандай жаңа құралдар мен мүмкіндіктер ұсынып отырғанын талқылады.

96 стартап, 49 IT-компания және халықаралық павильондар

AI & Digital Bridge 2026 көрмесінің маңызды бөлігі технологиялық экспозицияға арналды.

Startup Alley алаңында 96 стартап өз әзірлемелерін таныстырса, тағы 49 IT-компания өз өнімдері мен технологиялық шешімдерін көрсетті. Көрме алаңында 42 жеке стенд жұмыс істеді.

Көрменің халықаралық бағыты Армения, Қытай, Испания, Канада және Өзбекстанның ұлттық павильондарымен таныстырылды.

Robotics, Art, GameDev және Vibe Coding атты төрт тақырыптық аймақ та келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Келушілер робототехникамен, ойын және VR әзірлемелерімен, цифрлық өнімдер жасауға арналған AI құралдарымен, сондай-ақ технологиялар мен креативті индустриялар тоғысындағы жобалармен таныса алды.

Көрме технологиялық командалар, компаниялар, инвесторлар, әлеуетті тапсырыс берушілер және халықаралық серіктестер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Astana Hub Battle байқауына 14 елдің стартаптары қатысты

Стартап бағдарламасының негізгі оқиғаларының бірі Astana Hub Battle 2026 болды.

Биыл байқауға кемінде 14 елден 292 өтінім түсті. Оның 256-сы немесе 87,7%-ы Қазақстаннан келіп түсті. Байқаудың шетелдік географиясына Қырғызстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Түркия, БАӘ, Бангладеш, Катар, Швейцария, Тәжікстан, Малайзия, Беларусь және Конго Демократиялық Республикасы кірді.

Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде 50 стартап жартылай финалға өтті, ал 14 команда өз жобаларын финалда таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Финалға барлық өтінім берушілердің шамамен 5%-ы жетті.

Astana Hub Battle байқауының жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. Жеңімпаздар Impact Maker, Market Shaper, Growth Engine және Investor’s Choice атты төрт номинация бойынша анықталды. Әр номинацияда 25 мың доллардан жүлде қарастырылды.

Жобаларға серіктестер де қосымша қолдау көрсетті. «Қазақтелеком» 25 мың доллар көлемінде GPU ресурстарын бөлсе, Yandex Qazaqstan 10 млн теңге көлемінде бұлтты ресурстар ұсынды.

Қатысушылардың жобалары жасанды интеллект, HealthTech, EdTech, FinTech, робототехника, өнеркәсіп, киберқауіпсіздік, логистика, экологиялық мониторинг және бизнес процестерін автоматтандыру бағыттарын қамтыды.

AI & Digital Bridge Awards жылдың үздік технологиялық жобаларын анықтады

3 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен AI & Digital Bridge Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті.

Биыл байқауға жеті номинация бойынша 119 өтінім түсті. Іріктеу екі кезеңде жүргізілді. Алдымен өтінімдер белгіленген критерийлер бойынша жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы талданды. Талдау нәтижесінде әр номинация бойынша бес үміткерден тұратын қысқа тізім жасалып, кейін жобаларды сарапшылар алқасы бағалады.

AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары: GovTech Project of the Year номинациясында – eGov.GPT; EdTech Project of the Year – GoPrep; Startup of the Year – Rette; Corporate AI Transformation of the Year – QazCode әзірлеген Aventa AI; International Breakthrough of the Year – Higgsfield AI; VC of the Year – MA7 Ventures; Creative Industry Project of the Year – ōzen.

Бұл жобалардың артында нақты нәтижелер бар. Қазақстандық HealthTech стартапы Rette АҚШ-та пилоттық жобаларды іске қосып, Mayo Clinic Platform Accelerate бағдарламасына іріктеуден өтті. GoPrep платформасына 139 елден 31 мыңнан астам оқушы тартылған. ōzen музыкалық платформасы арқылы 2 364 әртіс жұмыс істеп, ал 2019–2026 жылдары олар үшін жиналған роялти көлемі 489 млн теңгені құрады.

Халықаралық номинацияның жеңімпазы Higgsfield AI болды. Байқауға ұсынылған мәліметтерге сәйкес, платформа 238 ел мен аумақта 30 млн-нан астам пайдаланушыға жетіп, шамамен 550 млн доллар инвестиция тартқан.

Марапат нәтижелері Қазақстандағы технологиялық жобалардың даму бағыттарының кең екенін көрсетті. Олар мемлекеттік сервистер мен білім беруден бастап медицинаға, корпоративтік AI шешімдеріне, венчурлік нарық пен креативті экономикаға дейінгі салаларды қамтиды.

61 келісім форумның негізгі практикалық нәтижелерінің біріне айналды

AI & Digital Bridge 2026 ашық бағдарламасының екі күнінде форум алаңында 61 меморандум мен келісімге қол қойылды.

Келісімдер технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты, білім беруді, цифрлық өнімдерді дамытуды және халықаралық әріптестікті қамтыды.

Форум қорытындысы бойынша сөйлеген сөзінде Премьер-министр Олжас Бектенов жекелеген тиімді шешімдерден технологияларды ауқымды енгізуге көшу қажеттігін атап өтті.

«Келесі кезең – тиімділігін көрсеткен технологияларды ауқымды түрде іске асыру, сондай-ақ экономикамызға жаңа технологиялар мен цифрлық стандарттарды енгізу. Ол үшін мемлекет, ғылым және халықаралық технологиялық компаниялар осы бағытта күш біріктіруі керек. Digital Bridge бизнес серіктестер арасындағы байланысты нығайтатын осындай алаң болып табылады. Биыл 60-тан астам жаңа келісімге қол қойылды», – деді Олжас Бектенов.

Форум технологиялық күн тәртібін талқылайтын алаң ғана емес, нақты серіктестіктер қалыптастырып, бірлескен жобаларды іске қосуға және халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін ортаға айналып келеді.

Форум халықаралық медиада кеңінен жарияланды

AI & Digital Bridge 2026 отандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз туры аясында форумға шетелдік БАҚ-тың 17 өкілі қатысты. Тағы 35 шетелдік медиа аккредиттеуден өтті, олардың 10 өкілі форум алаңына келіп, іс-шараны тікелей жариялады.

Халықаралық медиапулға АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Корея Республикасы, БАӘ, Үндістан және Орталық Азия елдерін қоса алғанда, 20 елден 52-ден астам шетелдік БАҚ кірді. Бұл Қазақстанның және оның AI экожүйесінің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға ықпал етті.

AI & Digital Bridge технологиялық жобаларды дамытуға жағдай қалыптастырады

AI & Digital Bridge 2026 қорытындылары форум айналасында қалыптасып келе жатқан технологиялық экожүйенің ауқымын көрсетеді. Форумға 47 мыңнан астам рет келу тіркелді, күнделікті көрсеткіштердің жиынтығы бойынша 18 мыңнан астам бірегей келуші болды. Бағдарламаға 429 бірегей спикер, оның ішінде 114 шетелдік спикер қатысты. 106 панельдік сессия өтіп, Startup Alley алаңында 96 стартап, 49 IT-компания және 42 жеке стенд таныстырылды. Сонымен қатар 61 меморандум мен келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар форумның маңызы тек сандық көрсеткіштермен шектелмейді. AI & Digital Bridge мемлекеттік органдар мен технологиялық бизнесті, стартаптар мен инвесторларды, әзірлеушілер мен әлеуетті тапсырыс берушілерді, қазақстандық командалар мен халықаралық серіктестерді байланыстырады.

Диалогты нақты жобаларға, инвестициялық байланыстарға, технологиялық шешімдерге және ұзақ мерзімді серіктестікке айналдыру мүмкіндігі форумның негізгі нәтижелерінің біріне айналып, Қазақстанның Еуразиядағы AI экожүйесінің орталықтарының бірі ретінде одан әрі дамуына негіз қалыптастырады.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

AI & Digital Bridge 2026 форумын ұйымдастыру серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында жүзеге асты. Форумды өткізуге жұмсалған барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары