Respublica партиясы Астанадағы «Алкон Плюс» ұжымымен кездесті

/
Respublica партиясы Астанадағы «Алкон Плюс» ұжымымен кездесті
Respublica партиясы

Respublica партиясының сайлауалды штабының өкілдері Астанадағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Алкон Плюс» ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биыл кәсіпорынның құрылғанына 28 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде 150-ден астам ірі жоба жүзеге асырылып, конструкцияларды әзірлеуден бастап өндіру, орнату және кейінгі қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді өндіріс қалыптасқан.

Кәсіпорын алюминий фасадтық және витраждық конструкциялар, терезе, есік, жарық өткізгіш және отқа төзімді жүйелер, қоршаулар және басқа да құрылыс шешімдерін шығарады. Заманауи жабдықтар мен автоматтандырылған өндіріс «Алкон Плюс» компаниясына Астана мен еліміздің өзге де қалаларындағы ірі жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.

Кездесуде Respublica партиясының Парламенттегі жұмысы мен сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков лудоманияның алдын алу, вейптердің айналымын шектеу және инфрақұрылымды дамытуға қатысты бастамаларға тоқталды.

Олжас Құспеков құмар ойындар жарнамасының цифрлық орта арқылы таралуына қатысты мәселелерді атап өтіп, партия өкілдерінің соңғы кезеңде елдің 20 қаласында болып, осы бағыттағы жағдайды зерделегенін айтты. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажеттігі сөз болды.

Кездесу барысында Respublica партиясының өкілі Нұргүл Тау ойын тәуелділігін емдеу және осы бағытта мамандар даярлау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, тәуелділікпен кәсіби жұмыс істейтін мамандарға сұраныс жоғары болғанымен, бұл бағыттағы кадрлар саны жеткіліксіз.

Сондай-ақ Respublica партиясының өкілдері балалардың цифрлық қауіпсіздігі мен ақпараттық гигиенасына қатысты мәселелерді талқылады. Қатысушылардың пікірінше, баланың ақпараттық ортасына жауапкершілік мемлекет пен цифрлық платформалармен қатар ата-аналарға да байланысты.

«Өзіңнен бастау керек. Өз сөзіңнен, іс-әрекетіңнен, отбасыңнан, үйіңнен, тіпті аулаңнан», – деді Олжас Құспеков.

Нұргүл Тау Respublica партиясының соңғы үш жылдағы жұмысына тоқталып, партия өкілдерінің еліміздің өңірлерінде кездесулер өткізіп, азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін зерделегенін айтты. Сонымен қатар Парламенттегі партия фракциясының қызметі мен көтерілген мәселелер туралы ақпарат берілді.

Екатерина Смолякова Respublica партиясының әлеуметтік бағыттағы жұмысына тоқталып, білім беру, медицина және отбасы мәселелері бойынша көтерілген бастамаларды атады. Атап айтқанда, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстарға назар аударылды.

Кездесуде жаңа Конституция, жаңа саяси кезең және болашақ Құрылтайдың рөліне қатысты мәселелер де талқыланды. Respublica партиясының өкілдері өндіріс пен кәсіпкерлікпен қатар, балалардың қауіпсіздігі, ойын тәуелділігі, ата-ана жауапкершілігі, білім беру және медицина мәселелерінің де өзекті екенін атап өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Respublica партиясының өкілдері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар