Адамның назарын қайда бағыттағаны ауырсынуды сезінуге ғана емес, ағзаның қабынуға қалай жауап беретініне де әсер етуі мүмкін. Ғалымдар қабынған жерге назар аударған адамдарда ісіну мен қызару аз болғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бар-Илан университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу Nature Human Behaviour журналында жарияланды.
Зерттеуге 57 дені сау адам қатысты. Олардың білегіне аз мөлшерде гистамин енгізілді. Бұл зат теріде уақытша қышу, қызару және ісіну тудырады. Мұндай әдіс әдетте аллергияны анықтайтын сынақтарда қолданылады. Одан кейін қатысушылар екі түрлі тапсырма орындады. Бір жағдайда олар қышып, ашып тұрған жерге назарын аударды. Екінші жағдайда бейнеролик көріп немесе экрандағы пішіндерді бақылап, ойын басқа нәрсеге бөлді. Ғалымдар 20 минут бойы терінің қаншалықты ісініп, қызарғанын өлшеп отырды. Әр қатысушы екі тапсырмадан да өткендіктен, зерттеушілер бір адамның ағзасы әр жағдайда қалай жауап бергенін тікелей салыстыра алды.
Қабынған жерге назар аударғанда қатысушылардың терісіндегі ісіну мен қызару назарды басқаға аударған кездегіден орта есеппен 1,5 есе аз болған. Алғашқы тәжірибеде 37 адамның шамамен 90 пайызында назар басқа жаққа ауған кезде қабыну күштірек байқалды. Қабынған жерге көңіл бөлгенде тері тезірек қалпына келе бастаған. 20 адам қатысқан екінші тәжірибеде де осы нәтиже қайталанды. Бұл жолы экрандағы көрініс пен тапсырмалардың күрделілігі бірдей етіп жасалған. Соған қарамастан, қолындағы сезімге назар аударған адамдарда қабыну аз болды.
Зерттеудің тосын нәтижесі адамның сезімі мен ағзадағы нақты өзгерістің бірдей болмауы еді. Қабынған жерге назар аударған кезде адамдар қышу мен ашытуды анық сезген. Бірақ терідегі ісіну мен қызару аз болған. Ал бейнероликке немесе тапсырмаға алаңдаған кезде қышу бәсең сезілгенімен, қабыну реакциясы күштірек болған.
Зерттеушілердің пайымдауынша, адам денесіндегі өзгеріске назар аударғанда ми сол аймақтан келетін сигналдарды жақсырақ қабылдайды. Бұл ағзаға қабыну реакциясын тиімдірек реттеуге көмектесуі мүмкін. Ғалымдар жергілікті жансыздандыратын дәрі қолданып, теріден миға баратын сигналдарды әлсіреткенде, назар аударудың әсері де азайған. Бірақ толық жоғалмаған. Бұл үдеріске жүйке жүйесінің, соның ішінде ішкі ағзалардың жұмысын реттейтін кезбе жүйкенің де қатысуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеу нәтижесі ауырған жерге назар аудару кез келген ауруды немесе қабынуды емдейді дегенді білдірмейді. Тәжірибе дені сау адамдарда жасалған және тек 20 минутқа созылған уақытша тері реакциясы қарастырылған. Мұндай тәсілдің жарақат, инфекция, созылмалы қабыну немесе аутоиммундық аурулар кезінде әсер ететіні дәлелденген жоқ.
Сондықтан назар аударуды дәрі-дәрмектің немесе дәрігер көмегінің орнына қолдануға болмайды. Дегенмен зерттеу адамның ойы мен зейіні оның сезіміне ғана емес, ағзадағы нақты физиологиялық өзгерістерге де ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті.