Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова немересі Рабия-Сұлтанға қатысты қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Продюсер бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Ол немересіне арнайы ән арнағанын айтып, оқырмандарынан тыңдап, бағасын беруді сұрады.
«Рабия-Сұлтан немереме осы әнді арнап едім, тыңдап көріп, бағасын бере кетіңіздер! Оқып отырған әрбіріңіздің шаңырағыңызда ұрпағыңызбен мақтан етер той болсын!» – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Оның сөзінше, көпшілік оған ырымдап қыз ұзату, бесікке салу және тұсаукесер тойларын өткізуді ұсынатын көрінеді. Продюсер жаңа әннің оқырмандарының да қуанышты күндерінде шырқалуын тілеген.
«Бәлкім, бұл ән сіздің де ұрпағыңыздың бесікке салу не тұсаукесер тойыңызда шырқалып қалар деген үміттемін. Өсіріп отырған, үміт артқан ұл-қыздарымыз үлкен әулетті отбасына айналуын Алла қабыл етіп, көрер жақсылықтарымыз көп болсын!» – деді ол.
Сонымен қатар продюсер немересінің тойы сәтті өткенін айтып, қуанышына ортақ болған көпшілікке алғыс білдірді.
«Аллаға сансыз мадақтар болсын, тойымыз ойдағыдай өтіп, келген қонақтарымыз үйлеріне аман-есен оралды. Сіздердің бізбен болып, өз отбасыларыңыздың тойындай біріңіз талқылап, біріңіз ізгі тілек айтып отырғандарыңызға да үлкен рақмет!» – деп қорытындылады ол.