Желіде 4 жыл бойы қонаққа бармауға шешім қабылдаған отбасының видеосы көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Белгілі болғандай, көпбалалы ата-ана үлкен қызының жоғары оқу орнына түсуіне байланысты алдағы төрт жыл бойы той-томалақ пен қонаққа бармай, қаражатты үнемдеуді ұйғарған. Бұл туралы ата-ана әлеуметтік желіде туыстарына үндеу жасап, шешімін түсіндірген. Олар оқу ақысына жыл сайын шамамен 1 миллион теңге қажет екенін атап өтті.
«Біз туыс-туғандарға үндеу жасағымыз келеді. Бізді 4 жыл бойы, яғни 2031 жылға дейін туған күндерге, тойларға және қонаққа шақырмауларыңызды сұраймыз. Бұған ренжімейміз деп шештік. Бізге тек бақыт тілеп, ақ тілектеріңізді білдіріп отырсаңыздар жеткілікті.
Себебі, үлкен қызымыз Астанадағы университетке оқуға түсті. Оның оқу ақысына жылына 1 миллион теңгеге жуық қаражат төлеуіміз қажет. Оқу мерзімі – 4 жыл. Сонымен қатар біз көпбалалы отбасымыз. Бұдан бөлек, несиеміз, ипотекамыз және басқа да қарыздарымыз бар. Сондықтан қаражатты үнемдеу үшін күйеуім екеуміз ортақ шешімге келіп, алдағы 4 жыл бойы қонаққа бармаймыз деп шештік».
Желі қолданушылары екі түрлі пікір білдірді. Бірі отбасының қаражатты үнемдеу туралы шешімін құптап, енді бірі жақсылыққа барудан бас тартудың дұрыс емес екенін жазды.
«Дұрыс шешім, жарайды шақырмаймыз», «Мына үндеуді қазақтар бір біріне жариялау керек болып тұр», «Бізді де шақырмаңыздар! Қолдаймын», «Одан кейін өзіңіздің қызыңыз тұрмыс құрады. Оған той жасайсыз. Сол кезде ұялып қалмаңыз», «Негізі бұлай айтуға болмайды екен. Жақсылыққа, тойға бару керек», – деп жазды желі қолданушылары.