777 шетелдік байқаушы Құрылтай сайлауын халықаралық байқауға қатысады. Олар 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Сондай-ақ байқаушылар қатарында 41 елдің парламенттерінен 138 депутат бар. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. ОСК хатшысы Мұхтар Ерман аккредиттеуге өтінім қабылдау жұмыстары жуырда аяқталғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 18 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 121 байқаушының кандидатурасы аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде ТМД Байқаушылар миссиясынан - 8, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы - 4, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Байқаушылар миссиясынан - 7, ШЫҰ миссиясынан - 6, Түркі академиясынан - 3 байқаушы бар. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Таиланд, Ұлыбритания, Түркия, Моңғолия, Үндістан, Индонезия, Франция, Ирак, Словакия, Өзбекстан, Филиппин, Жапония, Бельгия, Иордания, Сербия және Түрікменстан елдерінен 93 байқаушы ұсынылды», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.
Отырыс барысында шетелдік байқаушылар санының көп болуы Қазақстанда өтіп жатқан тарихи Құрылтай сайлауына халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылығын көрсететіні атап өтілді.
«Халықаралық байқаушылардың саны Құрылтай сайлауына халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Олардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығына ықпал етеді. Бұл - біздің халықаралық міндеттемелерді ұстануымыздың, сондай-ақ электоралдық салада халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келе жатқанымыздың дәлелі. Сондай-ақ басқа елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестеріміздің қатысатындығын атап өткім келеді. Олардың Қазақстанда өткізілетін сайлау науқандарына тұрақты қызығушылық танытып келе жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Құрылтай сайлауын байқауға 22 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде 11 сайлау комиссиясының төрағалары қатысады», - деп қорытындылады Нұрлан Әбдіров.