Алматыда заң бұзған Канада азаматы 5 тәулікке қамалды

/
Алматыда заң бұзған Канада азаматы 5 тәулікке қамалды
Алматы ДП

Алматыда Абылай хан даңғылындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда көрші үстелде отырған ер адамның бейнетүсірілім жасап тұрған әйелге балағат сөздер айтқаны көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарияланым әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Пікір білдірушілер, оның ішінде шетел азаматтары да мұндай әрекеттің қала мен ел туралы қонақтарға жағымсыз пікір қалыптастыруына әсер ететінін атап өтті.

Полиция ер адамның жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, ол Қазақстан Республикасының азаматы емес. Құқық бұзушы – Канада азаматы.

Азаматтығына немесе мәртебесіне қарамастан, Қазақстан аумағында заң талаптары баршаға ортақ.

Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен Канада азаматына 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Қазақстанның қонақжайлығы заңды елемеуге жол беруді білдірмейді. Еліміздің аумағында жүрген әрбір адам заң талаптарын сақтап, айналасындағыларды құрметтеуге міндетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары