Әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен ортада өскен қызметкерлер жалақыны, қызметтік жеңілдіктерді немесе өзін жоғарылатуды көп сұрай бермейді. Ал келіссөз бастаса, жұмыс берушілер тарапынан көбірек кері реакцияға тап болуы мүмкін. Бұл туралы PNAS журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай құбылыс еңбек нарығындағы «таптық шектің» сақталуына әсер етеді. Қызметкер үндемесе, жоғары табыс пен мансаптық мүмкіндіктерден қағылады. Ал өз талабын айтса, оны «талапшыл» немесе «командамен жұмыс істей алмайтын адам» деп бағалау қаупі артады.
Гонконг ғылым және технология университеті мен АҚШ ғалымдары бес бөлек зерттеу жүргізген. Оларға Австралия мен АҚШ-тағы қызметкерлер, бизнес мектебінің студенттері және адам ресурстарын басқару саласының мамандары қатысқан. Қатысушылардың әлеуметтік жағдайын анықтау үшін олардың табысы, білімі, ата-анасының білім деңгейі және қоғамдағы өз орнын қалай бағалайтыны ескерілген. Аустралиядағы 7 883 қызметкердің деректерін талдау кезінде әлеуметтік жағдайы жоғары адамдардың бастапқы жалақы жөнінде келіссөз бастау ықтималдығы 1,15 есе жоғары екені анықталды. АҚШ-тағы онлайн экспериментке қатысқан 699 адамның арасында бұл айырмашылық одан да айқын болған. Әлеуметтік жағдайы жоғары қатысушылар ұсынылған сыйақыны көтеруді 1,65 есе жиі сұраған.
Зерттеудің бір бөлігі АҚШ-тағы бизнес мектебінің 634 түлегін қамтыған. Жалақы туралы келіссөз жүргізбеген түлектердің бастапқы жылдық табысы келіссөз бастағандармен салыстырғанда орта есеппен 6 450 долларға төмен болған. Тағы бір зерттеуде бастапқы жалақыны талқылаған қызметкерлер жылына орта есеппен 3 800 доллардан астам қосымша табыс алған. Қызметтік өсу көрсеткішінде де үлкен айырмашылық байқалған. Лауазымын көтеруді сұраған қызметкерлердің шамамен 95 пайызы мақсатына жеткен. Мұндай өтініш жасамағандардың арасында бұл көрсеткіш 48 пайыз болған. Дегенмен ғалымдар бұл деректер тікелей себеп-салдарды емес, келіссөз жүргізу мен мансаптық нәтиже арасындағы байланысты көрсететінін ескертеді.
Зерттеудің соңғы кезеңіне 1 133 HR маманы қатысқан. Оларға ойдан шығарылған ер үміткердің түйіндемесі мен сұхбат мәтіні ұсынылған. Бір нұсқада үміткердің әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққанын білдіретін белгілер көрсетілсе, екіншісінде ауқатты ортаға тән мәліметтер берілген. Кейін екі үміткер де бірдей көлемде жоғары жалақы сұраған. Нәтижесінде HR мамандары келіссөз бастаған үміткерлерді жалпы алғанда ынтымақтастыққа бейімділігі төмен деп бағалаған. Бірақ теріс реакция әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан үміткерге қатысты едәуір күшті болған. Бұл оның жұмысқа қабылдану ықтималдығын да төмендеткен. Яғни бірдей өтініш адамның әлеуметтік ортасына байланысты әртүрлі қабылданған.
Зерттеушілер екі негізгі себепті атады. Біріншісі, адамның жағдайға ықпал ете алатынына деген сенімі. Ресурсы мен әлеуметтік мүмкіндігі көбірек ортада өскен адамдар келіссөз кезінде өзін сенімдірек сезінеді. Екіншісі, айналасындағылардың теріс пікірінен қорқу. Қаржылық тұрақсыздық жағдайында өскен адамдар ынтымақтастық пен жақсы қарым-қатынасты сақтауға көбірек мән беруі мүмкін. Сондықтан жалақыны көтеруді сұрау оларға қалыптасқан тәртіпті бұзу секілді көрінеді. Зерттеу авторы Ин Линнің айтуынша, мұндай тартыншақтықты адамның мінезіндегі кемшілік деп қабылдауға болмайды. Бұл жұмыс орнындағы ықтимал теріс реакцияға негізделген қисынды алаңдаушылық болуы мүмкін.
Ғалымдар әлеуметтік жағдайы төмен қызметкерлерді батыл келіссөз жүргізуге үйрету мәселені толық шешпейтінін атап өтті. Егер жұмыс берушілердің көзқарасы өзгермесе, мұндай кеңес керісінше қызметкерге зиян келтіруі мүмкін. Компанияларға жалақы мөлшерін, оны көтеру талаптарын және қызметтік өсу ережелерін ашық көрсету ұсынылады. Сондай-ақ шешімдердің қызметкердің өтініш жасауына ғана тәуелді болмауы және келіссөз нәтижелері әлеуметтік жағдай тұрғысынан тұрақты тексеріліп отыруы керек. Зерттеудің шектеулері де бар. HR мамандарымен жүргізілген экспериментте бір ғана мамандық, бір жалақы талабы және АҚШ-тағы бағалаушылар қарастырылған. Нәтижелер елге, жынысқа, жұмыс саласына және келіссөз жағдайына қарай өзгеруі мүмкін.