1 қыркүйекте Атырау облысында жалпы сыйымдылығы 3 580 орындық 6 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыста 151 балабақша, 210 мектеп, 16 колледж бар. Жаңа оқу жылында 155,5 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда, оның ішінде 1-сыныпқа 15,2 мың бала келеді деп күтілуде.
Одан бөлек 320 орындық 1 мектеп 2026 жылдың қазан айында іске қосылады.
Өткен оқу жылында Атырау қаласында 5 мектеп үшауысымда жұмыс істеді. Биыл 2 жаңа мектептің ашылуына байланысты үшауысымды мектептердің саны азайып отыр. 2027 жылы облыстағы үшауысымды және апатты мектептердің мәселесі толықтай шешілетін болады.
«Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы тұрақты бақылауымда», – деді Болат Ақшолақов.