Өзіне зорлық жасаған екі ер адамды ақтауға тырысқан қыздың өзі соттталды

/
Өзіне зорлық жасаған екі ер адамды ақтауға тырысқан қыздың өзі соттталды
zoka74/iStock /Getty Images Plus

Петропавлда өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасаған екі ер адамды ақтауға тырысқан 21 жастағы қыздың өзіне сот үкімі шықты. Ол ауыр қылмыс бойынша жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды, деп turkystan.kz тілшісі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың сәуірінде болған. Тергеу нұсқасы бойынша, төрт жігіт қызды Петропавлдағы пәтерлердің бірінде күштеп ұстап отырған. Олардың екеуі оған қатысты зорлық-зомбылық жасаған.

Қыз пәтерден қашып шығып, болған жағдайды танысына айтқан. Кейін полицияға хабар беріліп, ол алғашқы жауабында оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап, күдіктілерді көрсеткен.

Алайда кейін жәбірленуші өз жауабын өзгертіп, болған жағдайды өзара келісіммен өтті деп көрсетуге тырысқан. Сондай-ақ арызынан бас тартуға әрекет жасаған.

Тергеу кезінде күдіктілердің бірінің туыстары мессенджердегі хат-хабарларды ұсынған. Онда айыптан бас тартқаны үшін 1,5 млн теңге туралы әңгіме болған. Дегенмен ақшаның нақты берілгені дәлелденбеген.

Сараптама қыздың алғашқы жауабын қысымсыз және өз еркімен бергенін көрсеткен.

Сотта ол күдіктілерді қорғауын жалғастырғанымен, басқа дәлелдер негізге алынып, екі ер адам зорлық-зомбылық жасағаны үшін 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Осыдан кейін 21 жастағы қыздың өзіне қатысты жалған айғақ беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сотта ол кінәсін мойындап, айыпталушыларға көмектескісі келгенін айтқан. Прокурор рақымшылық заңын ескере отырып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Сот қызды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Рақымшылыққа байланысты мерзім 3 жыл 4 айға дейін қысқартылды. Алайда жаза шартты деп танылып, ол колонияға жіберілмеді.

Қыз пробациялық бақылауға алынды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары